Астана туралы фильмдер

Соңғы он жылда көптің жүрегін жаулай білген, Сарыарқа самалымен тербетілген ерке Есілдің бойындағы сұлу шаһар ақындарымызға, композиторларымызға, суретшілерімізге және киногерлерімізге шалқар шабыт сыйлау үстінде. Атап өткіміз келіп отырғаны фильмдер еді. Бүгінге дейін Астана туралы бірнеше сериал, көркем фильмдер жарыққа шығып үлгерді. 

"Астанаға көктем кеш келеді"


Фильмнің негізгі желісі ауылдан Астанаға оқуға түсуге келген жас қыздың өмірінің 10 жылымен байланысты. Емтиханнан құлап, не істерін білмей отырғанда ел астанасы Ақмолаға көшірілетінін жаңалықтардан естиді. Болашағын Астанамен байланыстырғысы келіп, құрылысқа жұмысқа орналасады. Астананың алып құрылысына араласқан күннен бастап қыздың басынан қызықты сәттер мен мөлдір мұңға толы күндер өте береді. Тұрақсыз махаббаттың құрбаны болып, тағдырдың таяғы маңдайына тисе де, ар-намысын аяққа таптатпаған басты кейіпкер фильм соңында елордадағы ірі құрылыс компаниясының директоры болып, бақытты өмірге қадам басады. Адамдық қалыбын, ар-намысын аяққа таптатпаған басты кейіпкер нағыз қазақ қызының образында бейнеленеді. Жыл өткен сайын жасарып, құлпыра түскен Астананың гүлденуі мен осыған еңбегін сарп етіп жүрген қыздың рухани толысуы қатар өріледі. Еркін Рақышевтың режиссерлігімен түсірілген фильмге А.Орақбаева, Е.Жақсылықов С.Қашқабаев, С.Тоқманғалиева сынды актерлар қатысқан.

"Астана – менің жүрегім"


"Астана – менің жүрегім" – ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловскийдің бастамасымен әртүрлі режиссерлер түсірген 10 киноновелладан құрастырылған картина. Жалпы алғанда, Астанада тоғысқан тағдырлар мен Астанада өсіп-өнген ұрпақтың өмір тарихын бейнелейтін дүние. Аталған туындының ресжиссерлерінің арасында Рүстем Әбдірашев ("Балалық шағымның аспаны", "Сталинге сыйлық"), Фархат Шәрипов ("Алқызыл қоян туралы ертегі") және басқалар бар, тіпті, Егор Кончаловскийдің өзі көрініп қалады. Бір оқиғаны Ғани Қасымовтың қызы Джулия Ғанидың түсіргендігін де айта кетейік. "Астана – менің жүрегім" картинасына Қарлығаш Мұхамеджанова, Айнұр Ниязова, Аружан Жазылбекова, Бибігүл Сүйіншалиева, Наталья Орынбасарова, Евгений Жұманов секілді қазақстандық актерлар және ресейлік Сергей Никоненко және Любовь Толкалина түскен. Бірі әке аманатын арқалаған, бірі махаббатын Астанадан тапқан, енді бірі Астананы көруге ынтызар кейіпкерлер. Барлығы да – күйініш-сүйініші, естелік, сағынышын осы қалада өткереді.

"Астана – ғашықтар мекені"


Бақыт пен былыққа толы өмірдің айнасы іспеттес болған кинотуындыны дүниеге алып келген көпшілікке танымал сценарист-режиссерлер  Данияр Саламат пен Кенжебек Шайқақов. Фильмнiң атауы ғашықтық жайлы болғанымен, көтерер мәселесi одан әлдеқайда ауқымды. Қоғамдағы ар-ұят, иман, тұрмыс жайында. Оқиға бай баласы мен жарлы баласының айналасында өрбидi. Бай баласы ар-ұяттан жұрдай болса, кедей баласы иманды, ақылды. Ол ішімдікке салынған анасын тура жолға салып, қызметке де қолы жетедi, отбасының да берекесiн кiргiзедi. Бай баласы мен кедей баласын бiр арнаға тоғыстыратын – махаббат. Қос жүректi бiрдей өзiне ынтызар еткен қызды жас әншi Аша Матай ойнайды. Бай баласын Мәлiк Әбдiраманов, әкесiнiң рөлiнде белгiлi актер Бақытжан Әлпейiсов, кедейдiң баласын Ақан Жалымбетов деген актер сомдайды.

"Арман қала"


Шартты атауы «Арман қала» деп аталатын 12 сериялық сериалдың идеясы «Нұр-Медиа» медиа-холдингі мен «Қазақфильм» киностудиясына тиесілі. Арман қала ретінде Астана алынғанымен, телесериал Астана мен Алматы қалаларында қатар түсірілген. Картинаның жанры – мелодрама. Телесериалдағы негізгі оқиға бас кейіпкер дәрігер Әлия Сәбитованың (Венера Нығматуллина) өмірімен байланысты өрбиді. Жоба авторлары бұл телесериал кез келген жастағы және әлеуметтік жағдайы да әртүрлі көрермендерге: балаларға, студенттерге, кәсіпкерлерге, егде адамдарға, үйде отырған әйелдерге де қызықты, тартымды болады дейді. Туындыда мейірімділік, сыйластық, түсіністік, бірін-бірі қолдау секілді қарапайым адам құндылықтарына назар аударылған. Фильмде басты екпін дәрігер мен науқас арасындағы қарым-қатынасқа түсіріледі. "Арман қаланың" режиссері – Эрнест Әбдіжапаров.

"Астана – махаббат жағалауы"


«Астана – махаббат жағалауы» Сарыарқамыздың асқақ төрінде бой көтерген әсем шаһардың 10 жылдығы құрметіне түсірілген кинотуынды болатын. Режиссер Мұрат Бидосов түсірген аталмыш фильмнің идеясы – сан түрлі арман-қиялдарды жүзеге асырып, әрқилы тағдырларды тоғыстырып жатқан Астана қаласының кейіпкерлерін бейнелеу. Жастық жалын, сезім мен махаббатты баяндау. Сонымен қатар, Елордамыздың әсемдігін алыс аймақтағы отандастарымызға көрсету. Режиссер Астананың Еуропа мен Азияның стилін бір бойына жинағандығына екпін қойған.

"Астана – махаббатым менің"


Осыдан бірнеше жыл бұрын "Қазақстан» Ұлттық арнасы Қазақстан-Түркия елдері бірлесіп түсірген алғашқы толық көлемдегі он екі сериялық «Астана – махаббатым менің» атты сериалды қазақ тілінде көрсетті. «Астана – махаббатым менің» жобасының режиссері Ермек Шынарбаев, ал сценарий авторы Лейла Ахынжанова. Бұл кинотуынды отандық кинематографияның үздік шығармашылық күші мен жаңа технологиялық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы түсірілген Астана жөніндегі алғашқы сериал. Картинаға арқау болған қаланың жетістіктерінің тарихы мен ерекше, дара сәулеті ғана емес, мұнда ең алдымен, заманауи қалада тоғысқан қызықты адамдардың оқиғалары бейнеленеді. Басты оқиға – бала кезінде айттырылып, тағдыр жазуымен бір-бірінен ажырап қалған ғашықтар туралы түркі аңызының hi-tech нұсқасы болып табылады. Басты рөлдерді Бибігүл Сүйіншәлиева, Бахап Аукча, Эрман Бурмали, Әділ Ахметов, Дастан Оразбеков, Баян Есентаева, Мұрат Ахманов, Жанна Қуанышбаева, Гүлнар Досматова, Әсел Сәдуақасова сомдайды. 

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/w6caTT0X850","width":"425","height":"350"});

Мұнан басқа балаларға арналған "Бәйтерек" (Данияр Саламат), «Балалық шағымның аспаны» (Рүстем Әбдіраш), «Жерұйық» (Сламбек Тәуекел), «Алтын алқа» (Мұрат Бидосов), "Махаббат тәлкегі", "Препод" фильмдерінде Астананың әдемі көшелері мен ғимараттары бой көрсетеді. 

Ал сіз қай туындыны тамашаладыңыз? Берер бағаңыз қандай?

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:photoshare.ru,meloman.kz, vk.com