2012 жылдың 1-3 шілде аралығында Астана қаласында шаһар әкімшілігінің қолдауымен "ІІІ ASTANA" Халықаралық экшн-фильмдер кинофестивалі өтеді. Астана күніне орай ұйымдастырылатын кинофестиваль салтанатты түрде 1 шілде күні Келісім мен бейбітшілік сарайында ашылады.
"ІІІ ASTANA" Халықаралық экшн-фильмдер кинофестивалі өнерсүйер қауымға нағыз кино мерекесін сыйға тартады. Кинофестивальге әлемге әйгілі кино жұлдыздары, продюсерлер мен режиссерлері, мәдениет пен өнер қайраткерлері қатысады. Сондай-ақ, биылғы кинофестивальдің ерекшелігі игі шараға жас қоюшы-операторлар, аниматорлар, сценаристер мен Қытай, Жапония, Корей елдерінің студенттері арнайы шақырылды.
Ұйымдастырушылар биылғы кино шарасының ауқымын кеңейтіп, әр түрлі мәдениет пен салт өкілдерінің басын қоспақшы. Кинофестиваль аясында «Астана қаһарманы» атты «ART FEST» жастар байқауы өтеді. Бағдарламада қысқа метражды фильмдер мен комикстер көрсетіліп, әлеуметтік іс-шаралар мен флеш-мобтар ұйымдастырылады.
Фестивальде ресми бағдарламадан тыс АҚШ, Еуропа, Азия және ТМД елдерінің 20 толық метражды ойын картиналары көрсетіледі. Үш күн бойы көзі қарақты көрермен танымал фильмдерді көріп қана қоймай, келер жылдың кино жаңалықтарының премьераға дейінгі көрсетілімдеріне қатыса алады.
Сондай-ақ, "ІІІ ASTANA" Халықаралық экшн-фильмдер кинофестивалі аясында сценаристер байқауы өтеді. Байқауда жаңа картиналарға ұсынылатын сценарийлер талқыланып, үздік деп танылған жұмыстың негізінде көркем фильм түсіріледі.
"ІІІ ASTANA" Халықаралық экшн-фильмдер кинофестивалінің президенті Тимур Бекмамбетовтың арнайы шақыруымен биылғы фестивальге Доминик Купер, Кевин Рейнольдс, Джим Лемли, Джон Дж. Келли, Майкл Симпсон, Дэни Вульф, Владимир Меньшов, Галина Коньшина, Артем Ткаченко, Алексей Воробьев т.с.с өнер қайраткерлері қатысады.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: kino.kz