Еліміздің кинотеатрларынан жас кинорежиссер Эмир Байғазиннің "Асланның сабақтары" ("Уроки гармонии") картинасы көрсетіле бастады.
Берлиннің 63-ші халықаралық кинофестивалінің жүлдегері, басқа да ондаған фестивальдің сыйлығын алған отандық фильм - режиссердің алғашқы толықметражды туындысы. Өз ортасының озбырлығын адалдық қағидаларымен шешпек болған жасөспірімнің психологиясы жайлы картина әлемдік киноға көркемдік-философиялық жағынан тың ізденістер әкелген. Батыс киносыншылары осындай баға беріп отыр.
13 жастағы Аслан - ананкаст, белгілі бір ойларынан айналшықтап шыға алмайтын психологиялық ауытқуға ұшыраған. Әжесінің қолында тұйық өскен бала замандастары сияқты бейқам ер жетер ме еді, бірақ мектеп қабырғасынан басталатын қылмыс әлемі, күштілердің әлсіздерге қысымы оның өмірінің сұрқын кетіргендей болады, бала қарама-қайшылықтар арасынан өзінше жол табуға тырысады. Асланның бұдан арғы әрекеті - режиссерлік тың шешім. Психологиялық драма ойландыратын детальдерден, әдемі көріністерден, ерекше бояулардан тұрады.
Режиссердің айтуынша, операторлық жұмысқа, әуендерге көп мән берілген. Көріністер автордың ойымен символдық түрде үйлеседі. Мысалы, мектептегі сабақтар адам мен қоршаған ортаның қарама-қайшылығын меңзейді. Айталық, Аслан әдебиет пәнінде махаббат, лирика, гуманизм жайлы білсе, биология сабағында Дарвиннің табиғи іріктелу теориясымен танысады, алғашқы әскери дайындық пәнінде ұрыс қаруының қуаты, адамға әсері жайлы естиді. Кейіпкердің дүниетанымында осылайша мейірім мен зұлымдық, шын мен өтірік сияқты ұғымдар текетіреске түседі.
Үлкен экранға дейін даңқа бөленіп үлгерген фильмде бір де бір кәсіби актер ойнамайды. Басты рөлдегі Тимур Айдарбеков - Алматыдағы №2 балалар үйінің тәрбиеленушісі. Түсіру тобы оны кастингтің алғашқы күні-ақ іздеп тапқан. Баланың мінез-құлқы өз кейіпкерінікіне аса ұқсас. Көпшілік алдында сөйлеуге қысылады, бірақ оңашада сөзуар. «Рөлге ену, сөзсіз эпизодтарды эмоциямен, іс-әрекетпен түсіндіру кішкене қиындау болды. Төбелес, ұру-соғу көріністерін имитация түрінде ойнадық. Бірақ ол үшін жақсылап жаттықтық, кейде импровизация жасадық. Қазір 9-сынып та оқимын. Панк субкультурасының өкілімін. Кино сәтті шықты деп ойлаймын, енді басқа киноларға шақырса, түсемін», - дейді Тимур.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/UoGfuQQH7tk&feature","width":"450","height":"338"});
Картинада Асланның досы - Мирсайын ролінде өте шебер ойнаған тағы бір оқушы - Мұхтар Андасов. «Кастинг туралы естіген бойда бірден барып, сыннан өттім. Тұңғыш рет киноға түсіп отырмын. Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысымын. Түсірілім кезінде еш қиындық болған жоқ, Эмир Байғазинмен тікелей жұмыс істегендіктен, қиналмадым. Дайын мәтінді жаттап алып сөйлегеннен гөрі сөзімізді импровизациямен айттық, күнделікті өмірдегідей сөйлестік. Киноға түскен балалармен жақын дос болып кеттім», - дейді М.Андасов.
Ондаған халықаралық кинофестивальде түрлі деңгейде жүлде алған қазақстандық фильмге әлем киносыншылары мен журналистердің аса жоғары баға бергені белгілі. Бір ғана Берлин кинофестиваліне келген 4000-ға жуық ақпарат құралының өкілі «Асланның сабақтары» жайлы тамаша ренецзияларды жариялады. Америкалық The Hollywood Reporter журналы «Көркемдік-поэтикалық талапқа бағынған ерекше әсерлі туынды, нағыз шебердің мінсіз қолынан шыққан» деп жазса, «Көк шалғын жамылған даланың кенеттен аппақ қарға оранғанын бейнелейтін алғашқы кадрынан бастап, Байғазин осы әсерлі көріністі, оның реңі мен субъективті шынайылығын фильмнің соңына дейін шебер көрсете алды», - деп хабарлады Village Voice газеті. Variety апталығы «Режиссер-сценарист-монтажер Эмир Байғазин қазақ даласының бір түкпіріндегі кек пен жәбірлеу тақырыбын мінсіз зерттеп, оны кемеліне келтіре көрсете білді. Жас әуесқой актерлердің интенсивті ойынына қол жеткізіп, сұрқай композицияларға өзінің көркемсуретке толы көзімен қарай отырып, Байғазин қылмыс пен жаза ұғымдарына қатысты аса толқытарлық толғамдар туғызған», - деп баға берді.
Эмир Байғазин, кинорежиссер:
– Кино оқиғасы өмірде бар үлкен жүйе және Адам атты ұлы тіршілік иесінің сол жүйедегі орны жайлы. Бұл хикая белгілі бір елдегі жағдай емес, ондай жағдай әлемнің басқа да елдерінде, айталық, Бразилияның нашар аудандарында немесе орыстың түпкірдегі бір деревнясында болуы мүмкін. Біз сондай әмбебап оқиға жайлы түсірдік.
Балалар арасындағы зорлық-зомбылық мәселесі әлем бойынша өте өзекті болып тұр. «Асланның сабақтары» - тіршілік үшін күрес туралы фильм. Автор ретінде маған адамдардың бір-бірімен күресінен гөрі адамның өзі ішіндегі күресі маңыздырақ болды. Кинода мектеп философиялық-әлеуметтік сипатқа ие. Оны сондай символдық мәнде қабылдаған дұрыс. Мен мол табысты күткен жоқпын, режиссерлерді әдетте не тамаша табыс, не құлдырау күтуі мүмкін. Өзімнің шығармашылық міндеттерімді дұрыс орындай алдым ба, жоқ па - маған сол маңызды.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров
Сурет: kazakhfilmstudios.kz, Дина Сабирова