Арманына қол жеткізген балалар туралы фильмдер

Бала арманында шек жоқ. Өйткені олар "мүмкін емес" деген ұғымның барын түсіне қоймайды. Ғарышты мына тұрған жер деп қабылдайтын бала санасы бар ойлағанын іске асырудан қорыққан емес. Бүгін арманын мақсатқа айналдырып, оған қол жеткізген жігерлі балақайлар туралы фильмдер топтамасын назарға ұсынамыз. 


"Билли Эллиот" (2000)
Режиссер: Стивен Долдри

1984 жыл. Англия. Қаланың солтүстігіндегі кішкентай қалалардың бірінде кеншілердің ереуілі өтіп жатыр. Ал бас кейіпкер Биллидің үйінде тек ер азаматтар тұрады: мінезі суық, табыс тауып, отбасын асыраумен жүрген әкесі және дөрекі ағасы. Отбасының айтуымен ғана боксқа барып жүрген Билли бір күні балет сабағының куәгері болады. Оның бойында "ер балаларға тым жат" саналатын балетке деген қызығушылық оянады.  

Стивен Долдридің фильмі қатыгез және шынайы өмірді дәл сол күйінде сипаттайды. Биллидің арманы үшін күресі, өзгелердің ойымен өмір сүрмеуге деген құштарлық және фильмдегі тапаралық бөлініс ой салса, кейіпкердің өзіне және арманына деген сенімі көрерменді қанаттандырмай қоймайды.  

Бойжеткен / Girl / Девочка  (2018)
Режиссер: Лукас Донт

Фильм Брюссель қаласында інісі және әкесімен бірге өмір сүріп жатқан Лара есімді бойжеткеннің өмірлік оқиғасын баяндайды. Ол балерина болуды армандайды. Бірақ арманын орындау басқа қатарластарына қарағанда әлдеқайда қиындау. Оған себеп оның қабілеті емес, оның өмірге ұл болып келуі. Гормонды терапиядан өтіп жүрсе де, ол қалағандай нәтижеге қол жеткізуге ең аз дегенде екі жылдай уақыт керек.

Режиссер фильмнің сюжетінен гөрі, кейіпкердің ішкі күйіне көбірек мән берген. Оның кербез, баяу қимылдары арқылы бойжеткеннің қалай өз тәні мен жанын үйлестіруге тырысатынын байқауға болады. 

Тоқылдақ / Не болит голова у дятла (1974)
Режиссер: Динара Асанова

Жетінші сынып оқушысы Сева Мухин тоқылдаған үннен, темір қақпа соққысынан тек музыканы естиді. Ол барабанда ойнап үйреніп, джаз ансамблінің мүшесі атануды армандайды. Баланың бұл арманын ата-анасы елей қоймайды. Ал ағасы оны келекелеумен болады. 

Картина редакторы Фрижета Гукасян фильм және оның режиссері туралы:"Динара Асанованың үнінде сезімталдық не елжіреу болған жоқ. Оның фильмінен сол жастағы балаларға деген тілектестікті байқадым. Баланың жасы нағыз ғажайып пен қорқыныш, қатыгездік пен нәзіктіктің және қиялдың өзара үйлесетін уақыты",– деген болатын.   

Ғажайып / Le meraviglie  / Чудеса (2014)
Режиссер: Аличе Рорвахер

Итальяның кішкентай ауылдарының бірінде омарташылар отбасы өмір сүріп жатыр. Ұлды болуды армандаған әкесі төрт қызды тәрбиелеп отыр. Оның үлкені Джельсомина әкесінің ісін жалғастыруы тиіс. Бірақ бәрі ауылға фермерлер туралы реалити-шоу түсіруге телевизиялық топ келгенде өзгереді. Әділ қазылар жоғары бағалаған өнім қаржылай қолдауға ие болады. Вольфганг қыздарын сыртқы әлемнен алыс ұстағысы келгенмен, Джельсомина әкесінен жасырын түрде байқауға өтініш қалдырады. 

Фильмде кедейлік пен "лас" өмірге батқан отбасы суреттеледі. Бойжеткеннің арманы мен оның отбасылық шектеуден босап, әлемде өз орнын табуға ұмтылуы баяндалады. Оның бәрі балға ған тәуелді аралар арқылы көрсетіледі. 

Тарпаң / Мустанг (2015)
Режиссер: Дениз Гамзе Эргювен

Жазғы демалыс алдындағы соңғы оқу күнінен оралған Лале, Нур, Эдже, Сельма және Сонай достарымен бірге теңізге шомылуға кетеді. Көршісі қыздардың ер балалармен жүргенін көріп, ата-аналарына ескертеді. Қыздарды жазалау мақсатында ата-анасы оларды үйқамаққа алады, интернетті өшіріп, телефондарын тартып алады. Ал әжесі үлкен қыздарын тұрмысқа беруге дайындықты бастайды. Кішкентай Лале қашу жоспарын құрады.  

Дениз Эргювен әйелдер қоғам қалыптастырған рөлді ғана атқаруға міндетті патриархаттық түрік қоғамын көрсетеді. Отбасының басты мақсаты – оларды пәк күйінде ұзату ғана. Оларға таңдау бермейді. "Мустанг" фильмінің тақырыбы өте ауыр болса да, режиссер нәзіктікті, қыздардың бойындағы өмірге деген құштарлықты және олардың арманын әдемі жеткізе білген.