"Арманға сенуді тоқтатпаңыз". "Индиана Джонстың" ұмыт болған бала жұлдызы 30 жылдан соң "Оскар" алды

"Арманға сенуді тоқтатпаңыз". "Индиана Джонстың" ұмыт болған бала жұлдызы 30 жылдан соң "Оскар" алды
Фото: REUTERS

Шығу тегі вьетнамдық Ке Хюи Куан бала кезінде Голливудты жаулап алды, бірақ кейінгі жылдары сахнадан жоғалып кетті. Бірнеше жыл бұрын ол арманын орындау үшін қайтадан киноға оралып, актер болуды шешкен. Бұл туралы bbc жазды.

Бала кезінде Ке Хюи Куан 1980 жылдардағы атақты блокбастерлер – "Тентектер" (The Goonies ) және "Индиана Джонс және қиямет храмы" (Indiana Jones and the Temple of Doom) фильмдерінде ойнады, бірақ 90-жылдардан бастап үлкен экраннан көрінбей кетті. Голливуд керек етпегеннен кейін ол актерлік өнерден бас тартты. Ал биыл "Екінші пландағы үздік актер" номинациясында "Оскар" алды.

© Carlos Barria, Reuters

"Мұндай оқиғалар кинода ғана болады дейді. Бұл менің басымнан өткеніне сене алар емеспін. Бұл америкалық арман", - деді Куан марапаттау рәсімінде көзіне жасына ерік бере тұрып.

1979 жылы оның отбасы бұл жеті жасқа толғанда азамат соғысы салдарынан Вьетнамнан кетеді. Куан әкесімен бірге Гонконгқа, ал анасы тағы үш баласымен Малайзияға барады.

 Индиана Джонс пен Қиямет храмында Харрисон Фордпен бірге ойнады © Alamy

Кейінірек отбасы қайта қосылып, 1979 жылы Америка Құрама Штаттарына қоныс аударды. 1984 жылы 12 жасында Куан кездейсоқ "Индиана Джонс пен Қиямет ғибадатханасындағы" қалтаұрысы балақай рөліне бекітіледі.

Бірақ ол жастық шақтан жігіттікке дейін өскен сайын оның рөлдері азайып, ақырында әртүрлі фильмдерде каскадерлік үйлестіруші және режиссердің көмекшісі болып жұмыс істеді.

2018 жылы шыққан "Супер бай азиялықтар" (Crazy Rich Asians) фильмінен кейін Куан 50 жасында бағын сынап, сахнаға қайта оралуды ұйғарады.

Агент досы оның атынан шығуға келіседі, ал бірнеше аптадан кейін Куанға "Бәрі барлық жерде және бір уақытта" (Everything Everywhere All at Once) деген фильмді түсіретіндер қоңырау шалады. Бұл фильм оның актерлік өнеріндегі бақ боп бұйырады. Осы рөлі үшін Америка кино өнері және ғылым академиясының сыйлығын алады.

© championat.com

"Менің анам 84 жаста және ол салтанатты кешті үйден тамашалап отыр. Анашым, мен жаңа ғана Оскар алдым! Саяхатым қайықта басталды. Мен босқындар лагерінде бір жыл болдым және сөйтіп жүріп әйтеуір Голливудтағы ең үлкен сахнаға шықтым" - деді ол жылап тұрып.

Қуан өзінің эмиграциядағы тәжірибесін "жарақат" деп атады

"Босқын болдық. Біз ешкімге керек емес едік, "қайықтан түскендер" дейтін. Мектепте басқа балалар бізге күлетін. Бұл баланың психикасына қалай әсер ететінін елестете аласыз ба?" – деді ол өткен жылы Guardian басылымына берген сұхбатында.

Куанның өмірі 12 жасында Индиана Джонсқа кастингке інісіне қолдау үшін келгенде өзгереді. Оның киноға түсуге ниеті жоқ болатын, бірақ кино тобы Куанды таңдаған.

Ке Хюи Куан, Стивен Спилберг және әйелі Кейт Кэпшоу Оскар сыйлығын тапсыру рәсімінде © Reuters

Сол аптаның соңында ол шығармашылық топпен Шри-Ланкаға аттанады, онда фильмнің түсірілімі басталады.

 

"Бұл менің өмірімдегі ең бақытты кездердің бірі болды", - дейді Куан.

Стивен Спилберг пен Ке Хюи Куан 1985 жылы © Getty Images

Спилберг Голливуд блокбастерінде азиялық тұлғаларды көрсеткен алғашқы адам болды.

"Балақай –  Индиананы құтқаратын қызықты әрі батыл кейіпкер", - дейді актер.

Содан кейін ол Шон Астин, Джош Бролин, Кори Фельдман және Марта Плимптон сияқты басқа жас жұлдыздармен бірге "Тентектер" фильмінде ойнайды.

Ке Хюи Куан мен Дрю Бэрримор 1984 жылғы жас актер марапаттарында © Getty Images

Осыдан кейін Куан телекомедияларға түсе бастайды. Бірақ 90-жылдардың басына қарай ұсыныстар азаяды. Оған ұсынылған кейіпкерлердің барлығы шағын рөлдер еді.

"Балалардың актерлік шеберлігінен үлкен киноға көшу әрқашан қиын. Ал сіз азиялық болсаңыз, бұл жүз есе күрделірек", - деді Куан Telegraph газетіне берген сұхбатында.

© Alamy / Getty

"Мәселен, жүз сценарийді алсақ, олардың ешқайсысында да азиялық кейіпкерлер болмауы әбден мүмкін. Көп жағдайда біз әзіл-қалжыңға айналамыз. Жасыңыз жиырмаға келгенде, бұл сіздің өміріңіздің алтын жылдары болады. Бірақ мен бұл жаста телефонның келуін күтумен ғана өмірімді өткіздім", - дейді Куан.

Кейін ол режиссерлерден келетін қоңырауды күтуді де қойған. Тек "Супер бай азиялықтар" (Crazy Rich Asians) фильмі сәтті шыққаннан кейін 2018 жылы ғана киноға оралуды шешкен.

Бір нәрсені жоғалтып алудан қорқу

"Бұл фильмді театрда үш рет көргенім есімде, әр жолы жыладым. Өйткені фильм керемет шыққан, бірақ тағы бір себеп – жіберіп алған мүмкіндіктерден қорқуды сезіндім", - дейді ол фильм туралы.

© REUTERS

Қуан "Бәрі барлық жерде және бір уақытта" фильмінің сценарийін алған кезде бұл фильм оған "Оскар" алып келеді деп ойламаған.

"Қағазда бұл фильм соншалықты тартымды көрінбеді. Бұл иммигранттардың отбасылық инди-драмасының, ғылыми-фантастикалық шытырман оқиғасының және суперқаһармандық экшннің тамаша қоспасы", - дейді Ке Хюи.

Куан кір жуатын мекеме менеджерінің (Мишель Йео) күйеуі Веймонд Ванды, сондай-ақ Веймондтың басқа ғаламдардағы сыңарын сомдайды.

Веймонд Ван - ерекше адам және суперқаһарман © Lionsgate

Куан бұрынғы бала жұлдызды орта жастағы адам ретінде көргенде көрермендердің қалай қабылдайтынын білмегенін айтады.

"Мен актерлік өнерге оралғанымда 50 жаста едім. Бас тартуға тура келген және қайта оралмайды деп ойлаған арманым туралы айтуға батылдық қажет болды", - деді ол Los Angeles Times-ке берген сұхбатында.

Талай жыл дос болған актер Куанға жаңа фильмде рөл алуға көмектеседі.

"Тентектер" фильмінде Чункты сомдаған Джефф Коэн кино әлемінде заңгер ретінде танылып, Куанға келісімшартқа қол қоюға көмектеседі.

Арманыңыздан бас тартпаңыз

Куан да, ол ойнаған фильм де Голливудты дүр сілкіндірді. Жексенбі күні "Бәрі барлық жерде және бір уақытта" 7 "Оскар" жүлдесін жеңіп алды, оның ішінде үздік актриса (Мишель Йео) және екінші пландағы үздік актер ретінде Ке Хюи Куан  аталмыш мараптты алды.

Куан биылғы марапаттау рәсімінің ең танымал қонақтарының бірі болды, атақты адамдар да күлімдеп жүретін адаммен селфи жасауға асыққан.

Куан әсерлі сөйлей отырып ол үшін өмірін арнаған анасына алғысын білдірді. Сондай-ақ ол ағасы мен әйеліне де алғысын білдірді:

"20 жыл бойы күн сайын, ай сайын тіпті жыл сайын "сенің уақытың әлі келеді" деп айтқан өмірімнің махаббатына рақмет. Күн сайын "өзіңе абай бол" деп хабарласатын ініме рақмет. Өздеріңізді сақтаңыздар, ал арманға сенуді тоқтатпаңыздар" - деді ол.

Айта кетейік, АҚШ-та 95-Оскар марапаттау рәсімі өтті. 2023 жылғы Оскар сыйлығы иелеріне Лос-Анджелестегі Dolby театрында табыс етілді. Дэн Кван, Дэниел Шайнерт түсірген "Бәрі барлық жерде және бір уақытта" фильмі бірден 7 Оскар сыйлығын жеңіп алса, осы фильмде басты рөлді сомдаған Мишель Йео аталмыш сыйлықты алған тұңғыш азиялық актриса атанды.

Т. Раушанұлы