Ресейлік жаңа комедияның тұсауы Қазақстанда бүгін, яғни 2 қазанда кесіледі. Назарларыңызға туындыға рецензия ұсынамыз!
Григорий Малков өзінің "Араласқан сезімдер" атты фильмін комедия жанрында табыстады. Сценарий авторлары: Эмиль Никогосян, Александр Маркин. Басты рөлдерді Ресейде танымал актер, комедиант Александр Ревва мен актер Павел Деревянко сомдады.
Бұл фильмнің жарнамасын және ондағы кейіпкерлерді ойнайтын адамдарды көре сала көбісі "Араласқан сезімдерден" көп үміт күтті. Фильм қазіргі уақытта, Ресей аумағында болып жатқан әрекет ретінде суреттелді. Фил (Александр) – бұрынырақта бір бейнебаян шығарып танымал болған әнші. Бүгінде жайбарақат, жауапкершілігі жоқ, диджей болып істейтін адам. Петр (Павел) – өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын дәрігер, жуас, биязы, оқыс қылықтар жасай алмайтын, өз уақытын билеуге тырысатын кейіпкер. Бір күні Филдің жүрегі ұстап, Петр жұмыс істейтін емханаға жедел жәрдеммен түседі. Петя оған шұғыл түрде көмек көрсетіп, өлім аузынан алып қалады. Электрошоктың әсерінен олардың сезімдері араласады. Петр мен Филдың өмірі осы жерден бастап түбегейлі өзгереді...
Фильмнің жетістіктері:
Комедиялық жанр ретінде жақсы деңгейде түсірілген, бұл тұрғыда сценаристерге бас июге болады; Актерлік құрамы жақсы таңдалған. Нағыз кәсіби ойынды осы фильмнен іздеңіз! Адамның жағымсыз әдеттері, дәлірек айтқанда, есірткі, темекі шегу, алкогольді сусындарды ішудің арты неге апарып соғатынын көрсете білді.Фильмнің кемшіліктері:
Сюжетті ескі десек қате айтпаймыз. Әрине, бұл туындының да өзіндік ерекшелігі бар, алайда фильмді көру барысында арты немен аяқталатыны көрерменге мерзімінен ерте белгілі болды.Кешегі (1 қазан) жабық көрсетілімге "Русское Радионың" ұйымдастырған сайысында билет ұтып алған көрермендерден фильм туралы пікірін сұрадық.
Алевтина: "Фильм өте ұнады. Актерлер ойыны тамаша! Фильмнің жалғасын күтемін, әсіресе, Олег Газмановты. Оның қатысуы бұл фильмді жақсарта түсті".
Алексей: "Фильм өте жақсы деген пікірдемін. Біз бұл көрсетілімге билет ұтып алғанымызға қуаныштымыз".
Ал біз фильмге "жеңіл" деген баға береміз. Яғни, онда терең философиялық мән-мағына жоқ және эмоционалды тұрғыда көрерменге қатты әсер бермейді. Бірақ біраз күліп, көңіл көтеріп қайтуыңызға болады.
Автор: Фариза Әбілова, Шерхан Талапұлы
Сурет: Massaget.kz