26-ақпаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында "Өмір-ай" фильмінің көрсетілімі басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Нұржан Керменбаевтың бастауымен, DostarPRO студиясының продюсерлігімен қазақстандық жаңа "Өмір-ай" фильмі түсірілді.
Қаңтар айының басында қала көшелерінен фильмнің алғашқы постерін байқаған едік. Қазақстандық эстрада жұлдыздарының постердегі бейнесі бірден көзге түсіп, көпшілік назарына ілікті. Халықтың Мұрат Қожа, Нұржан Керменбаев, "Арай" тобының мүшесі Медеттің фильмдегі ойынын көруге ынтықтығы әлеуметтік желілерде анық байқалды.
Фильм жайлы ресми мәлімет аз. Бұл туынды жайлы алғашқы деректердің бірі Нұржан Керменбаевтың 2013 жылы шыққан "Өмір-ай" әні болған еді. Бұл ән фильмнің басты саундтрегі болды.
Бұл бейнебаянның мазмұны фильмнің идеясынан біраз хабардар етеді. Жас жігіттердің тағдыр жіберген сынаққа қалай төтеп беретіні көрініс табады. Бірі жығылса, бірі құласа, басқасының аяққа тұрып, сынақтан өтуі өмірдегі бейне емес пе?
Фильм туралы "Арай" тобының мүшесі Рысбек Аташевқа хабарласқан едік. Әнші: "Біз бұл кинода басты рөлді сомдамаймыз. Гастрөлде жүргенімізде фильмнің 10 минуттық бөлігіне түсуге шақырып, ұшып келген болатынбыз. Басты рөлдерді үлкен фильмдерге түспеген, КВН-де көзге түсіп жүрген жас жігіттер сомдайды. Фильмнің режиссері - Шапағат Орынбаев деген жігіт. Бұл туынды драма жанрында түсірілді. Бюджет орташа деңгейде болғанымен, жақсы шықты деген ойдамыз, бірақ өзіміз әлі көрген жоқпыз. Презентацияны күтудеміз", - дейді.
Фильмнің басты ерекшелігі - бұрын танылмаған актерлердің басты рөлді сомдауы.
Кино индустриясында фильмнің идеясын өрбітуде екі түрлі бағыт бар: біріншісі - шынайы өмірді бейнелеу болса, екіншісі - фантастика, адамның қиялынан туындайтын сюжет. Бұл бағыттардың екеуі де ұтымды саналады. Алайда, фильмнің сапалы шығуына продюсерлік еңбек, режиссерлік еңбек, актерлер шеберлігі, фильм сценариінің дұрыс құрылуы және фильмді түсіруге арналған техника үлкен әсер етеді. Осылардың бәрі жоғары дәрежеде атқарылса, фильм жұмсаған қаражатын ақтап шығады.
Соңғы бірнеше жылда қазақстандық кино индустриясында әншілердің актер болуы "сәнге" айналды. Оған Баян Есентаева түсірген "Ғашық жүрек 1, 2", "Тракторшының махаббаты", Мақпал Исабекова түскен "Қамау", Әсем Жакетаева ойнаған "Вузеры", Ринат Малцагов қатысқан "Достар", "Орда" тобы түскен әрі түсірген "Запрещенные танцы" сияқты фильмдер дәлел бола алады.
Енді бұл қатарға "Өмір-ай" көркем фильмі қосылды. Фильмнің көрсетілімі 26 ақпаннан басталатынын есіңізге сала кетейік. Фильмнің ресми трейлері төмендегідей:
"Өмір-ай" фильмі көрермен көңілінен шыға ала ма? Бейтаныс жаңа актерлер халықты қандай ерекшелігімен таң қалдыра алады? Бұл сұрақтардың жауабын ертеңнен бастап біле аламыз.
Сіздің ойыңызша фильмнен жаңа идея, жақсы ойынды көруге үміт бар ма?
Cурет: vk.com
Видео: youtube.com