Жылдың елеулі оқиғаларының бірі, барша халық асыға күткен «Анаға апарар жол» фильмінің тұсаукесері бүгін, 27 қыркүйек күні Республика Сарайында болды. Көрсетілім алдында кинокартинаға еңбегі сіңген түсіруші топ пен актерлер қауымы қызыл кілем үстінен жүріп өтті.
Жұлдыздардың салтанатты шеруін актер Бауыржан Сатов жүргізді. Алдымен, фильмнің режиссері Ақан Сатаев жұбайымен, артынша басты рөлдерді сомдаған актерлер легі, атап айтқанда, Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Азамат Сатыбалды және Еркебұлан Дайыров жұбайы, актриса Ләйлә Тілеуовамен жүріп өтті.
Сондай-ақ, Сәкен Майғазиев, Нұртас Адамбаев, Бақыт Беделхан, Тәуекел Мүслім, Қарлығаш Мұхамеджанова, Кәмшат Жолдыбаева сынды өнер адамдары әріптестеріне қолдау көрсетіп келген қонақтар қатарынан табылды.
Жұмыс күнінің соңында премьера көреміз деп келген өнерсүйер қауым көрсетілім залына кірмес бұрын өздерінің құрметіне дайындалған тәттілерге толы фуршеттен дәм татып, жүрек жалғап алды. Кейін көтеріңкі көңілмен орындарына жайғасқан көрермендер алдындағы сахнаға барлық кино жасаушы топ және кештің құрметті қонағы, фильмнің бас продюсері Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаева шығып сөз сөйледі. Өз кезегінде, режиссер Сатаев елбасымыздың бұл картинаға аса жоғары баға бергенін де атап өтті.
3000 орындық Республика Сарайы лық толып, әртүрлі жастағы киноқұмар қауым картинаны тамашалады. Ардақты аналардың перзентіне деген шексіз адал махаббатын дәріптейтін кино көрсетілімінен соң, оны көруге келген нәзік жандыларды шығаберісте алқызыл раушан гүлдері күтіп тұрды. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған тұсаукесер рәсімі барша жиылған қауымның көңілінен шыққаны анық.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш фильм 30-шы жылдары қиын қыстау кезеңде ұлынан көз жазып қалған ананың үміті мен махаббаты баласына барлық өмірлік қиындықтарға төтеп беріп, анасымен қайта қауышуына қуат берген риясыз сезім туралы. Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі қыркүйек айының 29-шы жұлдызында көрермендерге жол тартпақ.