26 желтоқсан күні Sulpak Cinema компаниясы және Cinemax кинотеатрлар желісі ұйымдастыруымен Америкадағы қазақша бизнес фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Режиссері: Жеңісхан Момышев Рөлдерде: Нұрлан Қоянбаев, Жан Байжанбаев, Рамазан Амантай, Шон Джеймс, Гүлназ Жоланова, Эшли Агиллар, Дариға Бадықова, Қажет Смағұлов, Рауан Романи, Сәбит Рахимбаев. Міне, енді ғана шыңға шықтым деп тұрғанда салғырттық пен аңғалдықтың кесірінен бәрі кері кетсе, не істеу керек? Жомарт мырзаның (Нұрлан Қоянбаев) әкесі айтқандай: Астыңдағы атың ары қарай жүруге жарамсыз болса, сойып жеп, күш жинап алып, ары қарай өзің алға басу қажет. Қысқасы, артқа жол жоқ, бәрін қайта қалпына келтіру керек. Қытай лапшасына шикі жұмыртқа мен шұжық салып жейтін, шлагбаумды ашу бойынша департамент директоры, яғни күзетшінің бір негр деген (жәбір) сөзі үшін туған мәселені шешу үшін үш қазақ Америкаға аттанады. Ол жақта болған түрлі оқиғалардың шиеленісі мен шешімін сценарий авторлары жақсы үйлестірген. Шынайы өмірден алынған оқиғаға ұқсайды десе де болады. Елде қалған екі жігіттің қыздарының психологиясы, үнемі көңіл бөлуін қажет ететінін, ресми түрде сөз салуын тағатсыз күтетінін, әйел аяғы ауыр кезде түсіністік танытуды, ер адамның рөлі бірінші орында тұруын әсерлі береді. Күлдіре отырып ойландыра алады. Ең бастысы ақша мен мансаптан да маңызды нәрселерді, ағайын-туған арасындағы қатынасты алға тартады. Шетелде білім алып жатқан қазақтарға да елге оралуды насихаттайды. Бір әттеген-айы, неге осы фильмді қазақша түсірмеске, түсінетін аудитория жетерлік деген ой ғана келеді. Жаңа жыл қарсаңында барлығы жарыса кино шығарып жатыр. Мерекеге қарай кино көріп демалғыңыз келсе, бірінші отандық өнімдерді таңдаңыз, өкінбейсіз. Әсіресе ауылдағы туған-туысын сағынып, үйіне баратын күнді санап жүрген студенттер үшін соншалықты жылы атмосфераға толы кино болмақ. Бүгін, 28 желтоқсаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрынан көріңіздер, күлкіге қарқ болыңыздар.