Кеше "Lumiera Cinema (ЦУМ)" ойын-сауық орталығында "Америкада жасалған" ("Сделано в Америке") фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Көрсетілімге елге танымал тұлғалар мен журналистер жиналды.
Фильм өмірден алынған 1975-1986 жылдардағы оқиғаға негізделген. Басты кейіпкер (Том Круз) бастан кешкен оқиғаларын таспаға түсіріп отырған жерінен сюжет өрбиді. Естелікке жазып отырғанына қарап, құдды бұл кісі фильм соңында өліп кетеді-ау деген ой тууы әбден мүмкін.
Барри Сил есімді америкалық авиацияның ұшқышы күнделікті тірліктен шаршайтын еді. Осы шаршауды басуға себепкер болып, бір күні Орталық Барлау Басқармасының (әрі қарай ОББ, ЦРУ) бір қызметкері оған арнайы тапсырма береді. Отанға қызмет ететіндігіне қуанған Барри Орталық Американың үстінен жоғарғы жылдамдықпен ұшатын ұшақпен өтетініне риза болады. Азаматтық авиациядағы қызметінен босаған Барри жары мен екі баласына да мұндай қауіпті іс туралы тіс жармайды.
ОББ берген барлық тапсырманы тыңғылықты орындап жүрген шағында есірткі контрабандыларына кезігеді. Қызметін жасырып, өзін «туриспін» деп таныстырған Барриға олар тапсырма береді. Неге оған дейсіз бе? Себебі оның кәсіби ұшқыш екенін бұлар да біліп алса керек. Есірткі тасымалдағаны үшін оған «жап-жақсы айлық» беріп тұратын болды.
Бұл елге АҚШ-тың тыңшысы болып келіп, олардың есірткілерін тасып жүрген ол біраз қаржыны жинап та үлгереді. Арада өзіне 4 серік тауып алып, табыс көзін арттырады.
Осындай тірліктерді жасап жүріп, үйін де салады, қала тұрғындарына сыйлық та жасап тұрады. Ақшаның көптігі соншалық – оларды тығудың да өзі Барриға мұң болды. Себебі өте көп болатын.
Оқиғаның дамуы, шиеленісуі, аяқталуы өмірде болғандығымен қызық. АҚШ тарихын, Орталық Америка туралы көп білетін адам өзі танитын тұлғаларды кезіктіреді.
Ал фильмнің ішкі мағынасында отбасылық құндылық, Отанға деген құрмет, Отанға аянбай қызмет ету деген секілді рухани дүниелер айқын көрінеді. Басты кейіпкер де сөз соңын солай түйіндейді.