Бүгін 75-ші Алтын глобус марапатын салтанатты табыстау рәсімі өтті. Соған орай осы бәйгеде бағын сынаған ең стильді фильмдер тізімін ұсынып отырмыз. Мұндай мәртебеге қол жеткізу тек режиссердің талғамына ғана байланысты дүние емес. Ол, бәлкім, ең алдымен, костюмерлер еңбегінің жемісі шығар. Барри Линдон (1975) Режиссер: Стенли Кубрик Стенли Кубриктің 1975 жылғы Барри Линдон картинасы ағылшын классигі Уильям Теккерейдің Барри Линдонның мансабы аталатын романына жасалған экранизация. Бұл туындыны көптеген сыншылар тарихи кинематограф шыңы деген баға берді. Түсірілімге кіріспес бұрын Кубрик өз-өзіне фильмді максималды шынайы етіп шығару мақсатын қояды. Кубриктің өзге де фильмдерінде өз шеберлігін танытқан костюмер Милена Канонеро таңдаған бұйымдардың басым көпшілігі XVIII ғасырлық антиквариат болған екен. Сондай-ақ, Канонеро Англиядағы түсірілімдер үшін Томас Гейнсборо мен Джошуа Рейнольдстың картиналарын, Германиядағы көріністерді шынайы жеткізу үшін Адольф Менцельдің туындыларын зерттеген. Бонни мен Клайд (1967) Режиссер: Артур Пенн Артур Пеннің 1967 жылы түсірген картинасы адамзат тарихындағы ең романтикалық қылмыскерлердің махаббат сезіміне арналады. Осы фильмнің костюмері қызметін атқарған Теадор ван Ранклдің қолынан шыққан киімдер сәнге айналып, гангстерлік стиль нағыз тренд болды. Әдемі берет, карандаш белдемше, мойынға шаршы орамал тағу, қыздардың қылдай беліне акцент беру арқылы силуэт жасау т.б. әлі күнге дейін сәннен кеткен емес. Авиатор (2004) Режиссер: Мартин Скорсезе Мартин Скорсезенің Авиатор фильмі 2004 жылы үздік драмалық фильм ретінде Алтын глобус марапатына ие болды. Картина Говард Хьюз есімді ХХ ғасырда аса ықпалды болған америкалық миллионердің тағдырынан сыр шертеді. Фильмнің актерлік құрамында Леонардо Ди Каприо, Кейт Бланшетт, Кейт Бекинсейл сынды аса талантты актерлер мен актрисалар болды. Картинадағы костюмдер нақ тарихи дәлдігімен ерекшеленбесе де, 50-ші жылдарда орын алған өзгешеліктердің атмосферасын бере алды. Мысалы, Бекинсейлдің кейіпкері Ава Гарднер 40-шы жылдары сәнге айналған қондырмалы иықты көйлектер киеді. Гардероб үшін фильм қаржысынан 2 миллион доллар жұмсалған. Оған көптеген көркем кинокартиналарда костюмер қызметін атқарған, 7 рет Оскар марапатына ұсынылған Сэнди Пауэлл жауапты болды.