«Арт-алаңқайлар» шарасының аясында Алматы қаласының саябақтарында кинокөрсетілімдер ұйымдастырылуда.
14 маусымнан бастап «Арт-алаңқайлар» шарасының аясында үш ай бойы әр демалыс күндері Алматы қаласының барлық аудандарында түрлі көңіл көтеретін мәдени шаралар өтеді. Осы аптаның демалыс күндерінде алматылықтар ашық аспан астында кинофильм тамашалайтын болады.
«Көше кинотеатрларының» тұсауы Тұңғыш Президент саябағында кесіледі. Одан кейін бұл шара 28-ші Панфиловшылар саябағы мен Family Park саябағында жалғаса бермек.
Сенбі күні, яғни 15 маусым, түнгі сағат 22.00-де алматылықтар Тұңғыш Президент саябағы мен Family Park саябағынан «Қара жасын» ("Черная молния") кинофильмін тамашалай алады. Ал 28-ші Панфиловшылар саябағына жолы түскен алматылық қонақтар мен қала тұрғындарын ашық аспан астында «Президент Линкольн: Қанішерлерге қарсы күрес» («Президент Линкольн: Охотник на вампиров») кинофильмі күтетін болады.
«Арт-алаңқайлар» шарасы 31 тамызға дейін әр демалыс күндері өтетін болады. Барлық ұйымдастырушыларға Бостандық, Медеу, Әуезов, Жетісу, Түркісіб және Алатау аудандарында көңілді шараларды ұйымдастыруға 100 сағат бөлінген.
«Арт-алаңқайлар» шарасы Алматы қаласында осымен екінші рет өтіп жатыр. Шараны қаланың мәдениет басқармасы және «Евразиялық мәдени альянс» ұйымы қолдап отыр.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: tourblogger.ru