Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасының кино залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы түсірген Соғыстың 60 күні атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Деректі кинотуынды сұрапыл соғыс жылдары Москва түбінде ерлікпен шайқасқан қазақстандықтардың ерлігін баяндайды. Фильмді түсіру барысында жаңа деректі хроникалар, сондай-ақ Подольск және Красногорск қалаларындағы кино-фотоқұжаттар мұрағаты пайдаланылды. Осы фильм арқылы біз тарихи шындықты ашып көрсетуге тырыстық. Мәскеу қаласын қорғауда Алматыда жасақталған Панфилов дивизиясының қатысқаны туралы баршамыз жақсы білеміз. Бірақ, осы шайқаста Қазақстаннан тағы да екі дивизияның қатысқаны туралы көбісі біле бермейді. Олар Ақтөбеде құрылған 312-ші дивизиясы және Семедегі 238-ші дивизиясы. Ақтөбеліктер Малоярослав және Можайск түбінде ерлікпен шайқасты. 1941 жылдың қазан айында дивизияның көбісі қаза болды, бірақ жауға жол бермеді. 238-ші дивизиясы болса, Тула қаласын қорғап қалып, Гудериан танкілерн тоқтата алды. Олар туралы ақпарат өте аз. Ресейде бұл жауынгерлерді жақсы біледі, есімдерін құрметпен еске алады, ал Қазақстанда олар ұмытылып бара жатыр. 312-ші дивизияда менің атам Николай Глинов ерлікпен шайқасқан. Менің есімімді сол кісінің құрметіне қойған. Біз қашан да төл тарихымызды біліп, ерлікпен шайқасқан ата-бабаларымызды естен шығармауымыз керек, - деді фильмнің режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Николай Раисов.