- Негізгі бет
- Кино
- Алматыда «Құлагер» ұлттық...
Алматыда «Құлагер» ұлттық жүлдесі табысталды
Алматыда 14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі шеңберінде Қазақстан кинематографистер одағының ұлттық «Құлагер» жүлдесінің салтанатты табыстау рәсімі өтті. Жүлденің басым бөлігі Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған фильмдерге табысталды.
«Ең үздік фильм» жүлдесі Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильміне, ал «Үздік актер» жүлдесі осы фильмде басты рөлді сомдаған Дулыға Ақмолдаға бұйырды.
Қазақстан кинематографистер одағының шешімімен Ардақ Әмірқұлов үздік режиссер болып танылды («Үнсіздікте» фильмі үшін). «Үздік актриса» жүлдесі «Айка» фильмінде басты рөлді сомдаған Самал Еслямоваға табысталды. «Үздік сценарий» номинациясында «Әкеге қоңырау шалу» фильмінің сценарий авторы Серік Апрымов үздік деп танылса, үздік продюсер болып «Алмас қылыш» фильмінің продюсері Арман Асеновтың есімі аталды.
«Құлагер» жүлдесін деректі кино өкілдері де алды. Мәселен, «Алтын Емел» фильмінің режиссері Олег Белялов «үздік режиссер-документалист» жүлдесіне ие болды. Ал Анвара Садықова мен Ғазиз Насыров түсірген «Қазақ биі» деректі фильмі «Үздік деректі фильм» жүлдесіне қол жеткізді.
Ұлттық киножүлдені табыстау рәсімінде қазақ мультипликаторы да ерекше аталды. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған толықметражды «Мұзбалақ» фильмі «Үздік анимациялық фильм» жүлдесін алды. Одан бөлек, «Құлагер» жүлдесі Рамиль Усмановқа (Үздік режиссер-аниматор) және қазақ анимациясының дамуына үлес қосқаны үшін Жәкен Дәненовқа табысталды.
Отандық жас киногерлер де құр қол қайтпады. «Үздік қысқаметражды фильм» жүлдесі «Асан» фильмі үшін Берік Жахановқа, ал «Үздік дебют» жүлдесі «На грани» фильмінің режиссері Алдияр Байракимовқа табысталды.
Эксперттік комиссиясы қазақ киносының басқа да өкілдерін жүлдемен марапаттады. «Алмас қылыш» картинасы үшін Ажар Әубәкірова үздік костюм жөніндегі суретші деп танылды. Одан бөлек, «Құлагер» статуэткасын: оператор Азамат Дулатов («Лифт»), дыбысрежиссері Сергей Лобанов («Үнсіздікте»), композитор Қуат Шілдебаев («Түркісіб»), қоюшы-суретші Өмірзақ Шманов («Үнсіздікте»), суретші-гример Лидия Ордынская («Анаға апарар жол»), сондай-ақ, каскадер Қасым Жұмағұжин. Кинодағы үздік эффекті - «Cubic» студиясы.
Қазақ киносына қосқан үлесі үшін Қадыр Қосай мен Игорь Вовнянкоға Құлагер премиясы табысталып, кинотанушы Нәзира Мұқышеваға да статуэтка берілді.
А. Оралқызы