Жастар жылының аясында Алматы қалалық №7 Оқушылар үйінде «Қазақстан балалары шексіз әлемде» атты оқушылар арасындағы ІІІ қалалық кинофестиваль өтті. Салтанатты шара Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Кино саласы бойынша ұйымдастырылған шараға белгілі қазақ актерлері шақырылды. Олардың арасынан Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, режиссер Эмир Байғазин бой көрсеті.
Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген академия ректоры Асхат Маемиров барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Қазылар алқасының құрамы кіл мықты мамандардан жинақталған. Олар барлық жұмысты қарап, сараптап әділ шешім шығарады деп ойлаймын. Сіздердің араларыңызда болашақта өнер академиясына кинорежиссер мамандығы бойынша оқуға түсіп, өз туындылары арқылы еліміздің атын шығаратын жалынды жастар тұрғанына сенемін. Еліміздің ертеңі – сіздер. Сондықтан сіздерге үлкен үміт артамын. Әркез тауларыңыз шағылмай, биіктен көріне бергейсіздер, – деді Асхат Маемиров.
Балалардың жұмысына лайықты бағасын берген әділ-қазылар алқасының құрамы білікті сала мамандарынан жасақталды. Атап айтсақ, фотоөнер қоғамдық бірлестігінің мүшесі Оңғарбек Алхаров, Кино және телевизия факультетінің деканы Гүлнар Мұрсалимова, профессор Ғайнижамал Әбілдина, профессор Дамир Манабай сияқты мамандар сайысқа қазылық етті.
Қазылардың шешімі бойынша, 8 оқушы жүлделі орынға ие болып, республикалық жарысқа жолдама алды. Жүлдегерлер келесі кезеңде Алматы қаласының намысын қорғамақ.