Алматыда Kinoplexx Sary Arka кинотеатрында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы Қазақфильм АҚ Ел продюсерлік орталығымен бірлесе отырып түсірген ұлт-азаттық Алаш қозғалысы туралы сыр шертетін Алаш туы астында атты деректі фильмінің тұсаукесері өтті. 1918 жылдың 8-23 қыркүйегі аралығында Ресейдің Уфа қаласында Мемлекеттік мәжіліс өтті. Мәжіліске Ресейдің сол кездегі большевизмге қарсы барлық саяси күштері қатысты. Осы мәжілісте Алаш қайраткерлері ұлт-азаттық күрес мүддесін заңды түрде қорғаудың үлгісін көрсетті. Алаш туы астында атты деректі фильмнің алғашқы көрсетілімі 100 жыл бұрын өткен осы датаға үйлестіріліп отыр. Фильмді түсіру тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург, Қазан университеттерінде, Уфадағы Мемлекеттік Мәжіліс өткен бұрынғы Сібір қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізген. Фильм Ресейдің төрт қаласында түсірілді. Осындай ірі қалаларда түсірілім жұмыстарын жүргізу оңай емес екенін кино саласында жүрген азаматтар жақсы біледі. Кремльде, бұрыңғы Смольныйда, бұрыңғы Дума отырған Таврия сарайында түсірілім жүргізу үшін арнайы аккредитация алу керек. Тіпті рұқсат алу үшін кейде бір жылдай уақыт кетеді екен. Алайда, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов пен елшіліктің баспасөз хатшысы Жанар Колбачаева бізге үлкен қолдау көрсетті. Осы орайда фильмнің түсіру тобы Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне алғыс білдіреді, - деді фильмнің сценарий авторы Болат Мүрсәлім. Бұл фильм Алаш қозғалысы тақырыбында сауатты түсірілген ең алғашқы концептуалды фильм деп айта аламын. Осындай идеямен қанаттанып, жігерлік көрсетіп, Алаш қозғалысына қатысты барлық қалаларда болып, ақпарат жинаған фильмнің түсіру тобына, сценарий авторы Болат бауырыма алғысымды білдіремін, - деді фильмнің Бас ғылыми кеңесшісі, белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді. Айта кетсек, Алаш туы астында фильмі үш бөлімнен тұрады. Оян, қазақ! атты алғашқы бөлімде Алаш қозғалысының қалыптасу кезеңі, жәдидтік ағым мен батыс мәдениетінің ықпалы, қазақ баспасөзінің бастаулары, Дума жұмысына араласу, 1916 жылғы көтеріліске көзқарас мәселелерінің түйткілді тұстары айтылады. Екінші бөлім Жарияланбаған автономия деп аталады. Бұл бөлімде 1917-1920 жылдардағы Алашорда үкіметінің қызметі тереңінен қамтылған. Алаш қайраткерлері неге тәуелсіздікті емес, неге автономияны таңдады? Алаш әскері қалай жасақталды? Алаш автономиясы жарияланды ма, жоқ па? Ә.Бөкейхан мен М.Шоқай Уфадағы Мемлекеттік мәжілісте ұлт-азаттық күрес мүддесін қалай қорғады? Екінші бөлім осы сипаттағы сауалдарға жауап іздейді. Қатерлі өткел деп аталатын үшінші бөлім 1920 жылғы қазақ шекарасын анықтаумен басталатын Алаш қайраткерлерінің Кеңестік дәуірдегі күресіне арналған. Бұл бөлімде Голощекиннің қырғыны, Сталиндік репрессия жылдарындағы Алаш тағдыры нақты деректермен көрсетіледі.