- Негізгі бет
- Кино
- Алматы кинофестивалін "Айка"...
Алматы кинофестивалін "Айка" фильмі ашады
Картина қазақстандық актриса Самал Еслямованың орындауындағы жас мигрант қыздың өмірбаяны туралы баяндайды. Өзге елге көшкен жас қыз өз баласын тастап кетуге душар болады.
Картина режиссері Сергей Дворцевой Ресейде жүрген қырғыз мигранттардың күрделі жағдайын көрсеткісі келген. "Бұл басқа адамдар айтып бере алмайтын күрделі және психологиялық оқиға, кейіпкер камера мен көрермендерге барлығын өзі айтып береді", – деді режиссер.
Канн кинофестивалінде Самал Еслямова "Үздік әйел рөлі үшін" жүлдесін алып, "Айды аспанға шығарған" еді.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда Almaty Film Festival I Халықаралық кинофестивалі алғаш рет өтпек. Десе де ол жыл сайын өткізілетін шараға айналады деп жоспарланып отыр.
Кинофестивальдің қазылар алқасы құрамында Гүлнәр Сәрсенова ("Айка" фильмінің продюсері, француздық продюсер Пьер Спенглер ("Супермен", "Үш мушкетер", "Андэграунд"), режиссер, продюсер, неміс актрисасы Настасья Кински (1981 жылғы "Алтын глобус" марапатының иегері , "Cesar" марапатының бірнеше мәрте номинанты), француздық продюсер Марк Рускар бар. Сонымен қатар кинофестивальге оңтүстік кореялық режиссёр Ким Ки Дук ( Венеция кинофестивалінің "Алтын арыстан" иегері), америкалық кинорежиссер Роберт Минкофф ("Арыстан патша"), продюсер Алексей Петрухин және басқалары келеді.
Almaty Film Festival президенті Ақан Сатаев шара туралы: "Қандай кинофестиваль болмасын ол қала үшін имидж қалыптастырушы шара болып табылады. Біз Қазақстан киноиндустриясына халықаралық жобаларды тартып, Алматыны әлемге кеңірек танытсақ дейміз. Енді Almaty Film Festival жыл сайын өткізілетін шараға айналатындығына сенімдімін және ол жекеменшік қазақстандық киногерлерге дүниежүзілік деңгейдегі фильмдерді түсіруге ықпал ететін болады",- деді.
А. Оралқызы