Әлия Назарбаева жұмыс кестесінің тығыз болуына байланысты "Қазақ Елі" фильмінде ойнамайтын болды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне картина продюсері Арман Әсенов айтып берді.
"Ол біздің ұсынысымызды өте жақсы қабылдады. Бірақ оның қоғамдық жұмыстардан қолы босамайды. Ол ресми түрде бас тартқан жоқ. Дегенмен киноға түсу үшін бір ай бойы күнде келіп тұруы керек болады. Соған қарағанда, ол басты рольді сомдамайтын шығар", – деді Әсенов.
Айта кетейік, Әлия Назарбаева Әмір Темірдің немересі Рәбия сұлтан бегімнің рөлін сомдауы керек болған. Бұл рөлдің кімге бұйыратыны әзірше белгісіз.
"Қазақ елі" көпсериялы фильмінің 1465 жылы қазақ мемлекетінің құрылу кезеңін, Жәнібек пен Керейдің, олардың балалары Қасым мен Бұрындықтың билік еткен кезеңін қамтитыны белгілі. Фильм Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" романының бірінші томы бойынша түсіріліп жатыр. Режиссер Рүстем Әбдрашевтің айтуынша, қазір материалдың 40 пайызы түсірілді, монтажы қатар жасалып жатыр.