Мексикалық режиссер Альфонсо Куарон "Рома" фильмі үшін АҚШ режиссерлері гильдиясының бас премиясын иеленді.
Гильдия режиссерге "Көркем фильм режиссурасындағы жетістігі үшін" марапатын табыстады. Куарон бұған дейін де 2013 жылы "Гравитация" фильмі үшін Гильдия премиясын алған еді.
Биылғы сыйлыққа Куаронмен қатар "Жұлдыздың туу" фильмінің режиссері Брэдли Купер, "Қара нәсілді Ку-клукс-кландық" режиссері Спайк Ли, "Билік" фильмін түсірген Адам МакКей және "Жасыл кітап" режиссері Питер Фаррелли ұсынылған еді.
Үздік режиссер-дебютант сыйлығын "Сегізінші сынып" фильмі үшін Бо Бёрнэм иеленді. Адам МакКейге "Мұрагерлер" телесериалының эпизоды үшін драмалық сериал режиссурасы сыйлығы табысталды.
Марапаттау рәсімі 2 ақпан күні Лос-Анджелесте өтті. Режиссер, актер, сценаристер гильдиясының осындай премиялары "Оскар" сыйлығы алдындағы кәсіби киномамандар пікірін көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін "Оскар-2019" киножүлдесіне үміткерлер анықталған еді. Жеңімпаздар 24 ақпан күні "Долби" театрында белгілі болады.