Кеше Mega Park ойын-сауық орталығының Chaplin Cinema кинотеатрында «Алдау елесі 2» (түпнұсқасы: «Now You See Me 2 », орысшасы: «Иллюзия обмана 2») фильмнің жабық көрсетілімі өтті.
Фильм детективті триллер жанрында түсірілген. Джон Чу (осыған дейін «Бір қадам алға 2: Көшелер», түпнұсқасы: «Step Up 2», орысшасы: «Шаг вперед 2: Улицы»; («Бір қадам алға 3D», түпнұсқасы: «Step Up3D», орысшасы: «Шаг вперед 3D» фильмдерін түсірген) режиссерлік еткен бұл фильм алдыңғы бөлімінен әлдеқайда қызықты әрі көрерменнің өзі алданып қалатын сәттер аз болмады. Фильмнің басым бөлігі Лондонның оңтүстік-шығысында түсірілген.
Фильмнің жаңа бөлімі жаңа әртістерге толы. Алдыңғы бөлімде 3 жігіттің ортасында нәзіктік сыйлап жүрген Хенлидің орнын бұл жолы Лула есімді ару басады. Себебі Хенлидің рөлін сомдаған Айла Фишер сәбилі болып, фильмдегі рөлін Лиззи Капланға табыстаған.
Сонымен қатар, Гарвард сиқыр әлемінің қаһарманы Гарри Поттер де осы фильмде көрініс табады. Әрине, сиқырлы таяқшасымен емес, өзге рөлде. Яғни, Дэниел Рэдклифф бұл фильмге жаңа образ сыйлайды.
Бір қызығы ардагер әртістер Майкл Кейн мен Морган Фирман түсірілім алаңында алтыншы рет бірге ойнаған.
Араға үш жыл салып, Артур Тресслердің (Майкл Кейн) ұлы Уолтер (Дэниел Рэдклифф) әкесінің жоғалған 140 милион доллары үшін 4 сиқыршыдан кек алмақ болады. Естеріңізде болса, бірінші бөлімнің соңында осы құйтырқы істің артында кімнің тұрғаны белгілі болатын. Ал бұл бөлімде сол жұмбақ түгел ашылады. Сиқыршылардың өнері күрделене түссе, жаулардың сынағы екі еселене түседі.
Фильм адам санасына келе бермейтін тың идеясымен, өзгеше спецэффектісімен, табиғат құбылыстарына қарсы шығатын әрекеттерімен де ерекшеленеді. Екінші фильмнің түсірілімі кезінде франшизаның үшінші бөлімі жарыққа шығатыны хабарланған.