Кеше "Быть или не быть" аталатын ерекше көркемфильм көрсетілімі болды. Оның ерекше болу себебі – рөлдерді әлемдегі ең дарынды жеткіншектердің сомдауы.
Көрсетілім “Мүмкіндігі шектеулі жандардың өнердегі орны мен рөлі” ғылыми жобасы аясында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты “Театр және кино”, “Бейнелеу өнері” бөлімдерінің Анар Еркебай, Айдана Аламан, Айнұр Кенжеқұлова, Айгерім Еспенова сынды бірқатар ғылыми қызметкердің ұйымдастыруымен өтті.
Аталған картина Алматы қалалық «АРДИ» қорының қолдауымен түсірілген. Онда басты рөлді Тахир Омаров есімді 20 жасар талантты актер сомдаған. Мүмкіндігі шектеулі деген аты ғана болмаса жас өнер иесінің шеберлігінде мін жоқ. Көрсетілімге жиылған қауым бір ауыздан осындай пікірге келді. Өнерсүйер қауыммен кездесуге кинокартинаның авторлары Азиз Заиров пен Мұхамед Мамырбеков және актерлер Тахир Омаров пен Қанағат Тасқараев келді.
Залға жиналған қауым түсірілім тобының шеберлігіне тәнті болып алдағы шығармашылық жұмыстарына сәттілік тіледі. Ал кинематографистер, өз кезегінде, көрермен сұрақтарына жауап берді.
Осыған дейін картина АҚШ-тың «Superfest» фестивалін ұйымдастырушылар назарына ілігіп, 30-дан астам ел қатысқан додада 85 фильм ішінен «Мінсіздік» номинациясын жеңіп алған. Осы марапатты алуға барған сапарында картина Сан-Франциско қаласындағы Facebook корпорациясы мекемесінде де көрсетілген екен.
Түсірілім тобы бұл жетістікпен тоқтап қалмай, алдағы уақытта "Быть или не быть" трилогиясының екінші бөлімін түсіруге дайындалып жатқан көрінеді. Екінші бөлім біріншісіндей авторлық кино жанрында емес, әлдеқайда коммерциялық картина болмақ. Онда мүмкіндігі шектеулі бозбала мен бойжеткен арасындағы сезім туралы баяндалады.
Белгілі режиссер Дәрежан Өмірбаев картинаға "Әлем өнері кинематографиясында бұрын-соңды болмаған Гамлет туралы фильм" - деген оң бағасын берді. Басты рөлді сомдаушы Тахирдің актер болу деген асқақ арманы орындалғанымен қоса, еңбек жолы барша мықты актердің арманы саналатын Шекспирдің Гамлет рөлінен басталды. Бұрын-соңды әлемде дәл Тахирдей Гамлет болған емес, ендеше, өнер жолы да өз болмысындай дара болсын.