2022 жылдың 10-20 ақпаны аралығында өтетін 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалі беделді Форум бағдарламасына қатысатын алғашқы фильмдерді таныстырды. 10 фильмнің арасында режиссер Дәрежан Өмірбаев түсірген "Ақын" кинокартинасы да бар.
Дәрежан Өмірбаевтың үздік 5 фильмі
Байқаудың толық бағдарламасы алдағы қаңтарда жарияланады.
"Ақын" фильмін Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірді.
"Ақын" фильмі Дидар есімді мойындалмаған жазушының өмірі туралы баяндайды. Фильмнің сценарийі неміс жазушысы Герман Гессенің "Авторлық кеш" желісі бойыншы жазылған. Фильмде басты рөлді «Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаев сомдады.
Еске салайық, "Ақын" фильмінің әлемдік тұсаукесері Токио кинофестивалінде өтіп, қазылар алқасы қазақстандық фильмнен үлкен әсер алып, Дәрежан Өмірбаевқа "Үздік режиссер" сыйлығын тапсырған болатын.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында Канн, Венеция және Локарно фестивальдерінің қатысушысы әрі жүлдегері Дәрежан Өмірбаев "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағын алды.
Айта кетейік, Берлин халықаралық кинофестивалі (Berlinale) – ақпан айында Германия астанасында өтетін әлемдік кинематографиядағы жыл сайынғы ең ірі байқаудың бірі. Оған жыл сайын әлемнің 124 елінен 300 мыңнан астам қонақ пен 20 мыңнан астам кино саласының мамандары келеді.
72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінің ұйымдастырушылары шоу дәстүрлі форматта өтеді деп мәлімдеді.