- Негізгі бет
- Кино
- Актер Меңтай Өтепбергенов...
Актер Меңтай Өтепбергенов көз жұмды
Қаңтардың 5 күні Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меңтай Өтепбергенов көз жұмды. Актер өзінің көп жылдық ұзаққа созылған ауыр науқастығынан қайтыс болған.
Меңтай Смағұлұлы Өтепбергенов 1946 жылы 7 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Беген ауылында дүниеге келген. Мәскеу цирк училищесін, Сергей Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтын тәмамдаған.
ВГИК түлегі Меңтай Өтепбергенов «Ақ шаман», «Тайны мадам Вонг», «Интердевочка», «Рэкетир» және «Шанхай» фильмдеріндегі рөлдері арқылы көрермен есінде қалды. Ол «Гүлдер» эстрадалық ансамблін құрушылардың бірі еді. СССР-дің 13 киностудиясында 47 кинокартинаға түскен актер “Құлагер-2009″ Ұлттық кинематография сыйлығының лауреаты атанған.
Коллекционер және филателист ретінде де танылған Меңтай Өтепбергенов 1999 жылы КИНЭС Қазақстан рекордтар кітабына “Маркадағы әлем киносы” атты кітап авторы ретінде кірген.
Актердің жерлеу рәсімі бейсенбі күні 7 қаңтарда өтеді.
Дереккөз: inform.kz
С. Ерсін