- Негізгі бет
- Кино
- АҚШ-та қазақ пен...
АҚШ-та қазақ пен қырғыз фильм түсіруді бастады
Америка Құрама Штаттарының Лос-Анджелес қаласында қазақстандық және қырғызстандық киноөндірушілердің бірлесуімен жаңа кинофильмнің түсірілімі басталды. Бұл жөнінде Artparovoz.kz порталы хабарлады.
Жаңа фильмнің сценарийі бойынша онда ұшқыш болғысы келетін жас баланың балаң арманы көрсетіледі.
Жас баланың армандарының орындалуына күтпеген жерден шыға келетін жағдайлар мен мақсатқа жету жолында кедергі келтіретін көптеген жағымсыз кейіпкерлер қарсы шығады.
Фильмді жас режисер Дәурен Қамшыбаев түсіруде. Режисердің сөзінше, оның фильмінің басты кейіпкері саналатын бала туындыда өз мақсатына жетіп, армандарын іске асыру үшін ол жолда кездескен қарсылықтармен де, қиындықтармен де күреседі.
«Фильмнің қаһарманы – ішкі тылсымы терең адам. Ол қарапайым отбасынан шыққан жиырма бес жастағы жігіт. Өзі де қарапайым. Болашақ ұшқыштың арманын орындау жолында оның сағын сындыратын көптеген қолайсыз жәйттер кезігеді. Бірақ ол мақсатына жету үшін күш жинайды. Жолда кезіккен барлық қорқыныш мен күдікті ол өз күшіне сену арқылы жеңіп шығады", - дейді Қамшыбаев.
Картинаның түсірілімі Лос-Анджелес, Санта-Моника қалаларында және Лагуна Бич жағалауында өтеді.
Қазіргі таңда Голливуд актерлерімен келіссөздер жүргізілуде. Әзірге Дәулет Романұлының бір рөлге тағайындалып қойғандығы белгілі болып отыр. Оған Голливуд гүлзарларында сиқыршылық өнерімен күнін көретін кейіпкердің рөлі бұйырған.
Фильмнің продюсері Нұрмат Сәкебаевтың ойынша, отандық киноөндіріске аз болса да батыстың ауасы жетіспейді.
Қазақ пен қырғыз бірлескен киноның әзірге нақты атауы белгілі емес. Оны «Алғаш рет ұшу» немесе «Жерден жоғары» деп атауы әбден мүмкін.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: kino.kz
А. Әбілхан