Қазақ мультипликациясының негізін қалап, қазақ мультфильмінің атасы атанған ҚР Еңбегі сіңген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ұлттық өнер академиясының профессоры, режиссер-аниматор Әмен Қайдардың ерекше туындыларының бірі – «Ақсақ құлан» мультфильмі.
«Ақсақ құлан» мультфильмі тарихи оқиға мен аңыз-әңгімелермен байланысты туынды. Режиссер ой еркіндігін жол беріп, домбыра аспабының ішегінің санын беске жеткізді. Аңға шыққан баласы із-түзсіз жоғалып кеткенде, қаһарлы хан қаралы хабарды жеткізген жанды қатал жазалайтындығын айтады. Отты шайқастан кейін жары мен перзентінен айырылған қарапайым шаруа бейіт басында күй орындап, мұңын басады. Хан баласының өлімін жеткізуге жүрексінген уәзірлер домбырасын тартып отырған шаруаны сарайға алып кетеді. Күйші хан баласының өлімін жеткізу үшін қос ішекті қағып жіберіп, оқиғаны сазбен баяндай жөнеледі. Қаралы жағдайды естіген бойда, хан сертін бұзбастан хабаршы болған домбыра көмейіне балқытылған қорғасын құюды бұйырады. Ыстық қорғасын салдарынан домбыра ішектері үзіліп, аспап өзгеріске ұшырайды.
Мультфильмінің басты түйіні - ұлт аспабының бір ішегі саз төгіп тұрғанның өзі ол халықтың тірі екенін көрсету. Бұл шығармада ұлттық рухтың қашанда жоғары тұратындығы, домбыра сияқты киелі аспаптың құдіреттілігі айқын бейнеленген. Талай үлкен-кіші көрермен мультфильмнің желісімен есейіп, әлі күнге дейін бірнеше буын ұрпақ өкілдері тәлім-тәрбие алуда.
«Ақсақ құлан» мультфильмін белгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев әуенмен әрлеп, Шәкен Айманов дыбыстаған болатын. Қазақ киносының саңлағы Әмен Қайдарды көрген сайын: «Міне, мынадай (шынашағының ұшын көрсетіп) мультфильмнің үлке-е-ен режиссері келе жатыр!» - деп әзілдейді екен. Расында да, Шәкен атамыздың сөзінің жаны бар. Кеңестік дәуірдің қитұрқы саясатынан жүрексінбей, Әмен Қайдар сол кезде «Ақсақ құлан» мультфильмі арқылы ұлттық ерекшелікке тән нағыз тәлімді бере білді.
Суреттер: nntt.org
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/7lDWtxLMh2g?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});