Қазақ кино тарихында ерекше орын алған әлі сиясы кебе қоймаған «Жаужүрек Мың бала» фильмінің режиссері Ақан Сатаев қалың көпшілікпен алға қойған басты мақсатымен бөлісті. Режиссер Ұлы Отан соғысы тақырыбында фильм түсіруді жоспарлауда.
«Рэкетир», «Ағайынды», «Ликвидатор», «Адасқан» фильмдерін өмірге әкелген режиссер әлі күнге дейін ақиқаты айтылмай келе жатқан жұртшылық басынан өткен қайғы-қасіретке толы жылдар туралы сөз қозғамақшы. Кино арқылы ол ерін алып, жесір мен жетім қылған, әр үйдің боздағынан айырып, талайды зар жылатқан Екінші дүниежүзілік соғыс шындығын аша отырып, сұм соғыстағы қазақ халқының қайсарлығы мен ерен ерлігін ұрпаққа үлгі ету, қазақстандықтардың жеңіске қосқан сүбелі үлесі туралы кеңінен айтып, ерлердің есімдерін ұлықтауды көздеп отыр.
«Алдағы күндері Ұлы Отан соғысы туралы кино түсіруді ойластырып жүрміз. Қазіргі таңда осы мәселе төңірегінде жұмыс істеп жатырмыз. Менің ойымша, қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы жеңісіне қосқан үлесі зор. Біз оны ұмыт қалдырмай, бағалай білуіміз керек. Қаншама адам майданға аттанды. Санаулы ғанасы елге оралды, қаншасы мүгедектік қамытын киді, қаншамасы хабарсыз кетіп, қара жамылды. Ал соғыстан аман-есен елге оралған ардагер қарттарымыздың саны бүгінде саусақпен санарлықтай ғана. Фильм арқылы жас ұрпақ өздерін қажетті ақпаратты алады. Себебі, оларда Ұлы Отан соғысы туралы бұлыңғыр түсініктер қалыптасқан. Жеңістің бізге қандай қиындықпен келгенін, кімнің қаһарман болғанын біле бермейді», – деді мәңгілік тақырыпты кезекті жұмысына арқау еткен Ақан Сатаев.
Сондай-ақ, жиырма миллионнан астам боздақтың ғұмырын қиған сұрапыл соғыстағы қазақ жұртшылығының жігерлігі мен ерен еңбегін көрсетуді жоспарлаған Ақан Сатаев Ұлы Жеңісті ешуақытта жадымыздан шығармау керектігін айтты.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Сурет: bnews.kz