- Негізгі бет
- Кино
- Ақан Сатаев "Хакер"...
Ақан Сатаев "Хакер" түсірілімінің жұмыстарын аяқтады
Бангокта қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың «Хакер» атты драмалық триллерінің түсірілімі аяқталды. Таиландпен қатар, жоба жұмыстары Торонто, Нью-Йорк және Гонкогта жүргізілді. Көп ұзамай монтаж жұмыстары Лос-Анджелестегі студияда жасалатын болады. Бұл жайлы картинаның режиссері Ақан Сатаев пен сценарий соавторы және картинаның сопродюсері Санжар Сұлтанов kino-pravda.kz сайтында жариялады.
«Хакер» түсірілімдері канадалық Торонто қаласында басталған. Алайда, Торонто өзін ғана «ойнап» қоймай, кей-кейде Нью-Йорк болып та тұрған. Алып қалада түсірілім жүргізу біршама қымбат түсетіндіктен көптеген америкалық режиссерлер осындай қулыққа барып жататыны жасырын емес. Дегенмен, Нью-Йоркте де «Хакердің» бірнеше көрінісін түсіруге мүмкіндік болған, оның ішінде танымал Тайм-сквер алаңында.
Торонтоға келер болсақ, Санжар Сұлтановтың айтуынша, онда 60-қа жуық мекенде жұмыстар жүргізілген: «Осыған байланысты көшіп-қонып жүруге тура келді, және, шын айтсақ, қатты қиналдық. Ақан үшін де бұл жаңа қызықты тәжірибе болды – әсіресе бірінші апта. Әдеттегі түсірілімге қарағанда мұнда жұмыстар ырғақты, қарқынды жүреді, соған үйрену керек болды. Кейбір кездерде, бұл тіпті бізге көмектесіп те жатты – креативтілік танытып, қандай да бір мәселені тезірек шешуге талпындық».
«Мен үшін бұл тағы бір мектеп, - деп қостады Ақан Сатаев, - өте үлкен тәжірибе. Көп нәрсе үйрендім. Түсірілім процесстерінде үлкен айырмашылық болмаса да, қызметшілермен жұмыс істеу тұрғысынан біраз айырмашылық бар екен. Мысалы, актер 12 сағаттан көп жұмыс жасамауы керек. Ал режиссер эпизодта ойнайтын актерлермен сөйлеспеуі керек, кеңес бермеуі керек – тек көмекшілері ғана. Егер басшы онымен сөйлессе, онда ол актердің табысына тағы табыс қосылады. Немесе, егер актерлер кадрда бір-бірінің иығынан түрту керек болса (мен төбелесу жайлы айтпаймын – жай ғана иығын тигізу), онда мұны трюкачтар жасауы тиіс екен. Ал егер актерлер өздері істесе, онда тағы ақша сұрайды. Тағы бір қызықтысы, түскі ас уақыты қатаң реттелген және үзіліс кезінде ешкім жұмыс жайлы әңгімелеспейді – тіпті тыйым салынған».
Сонымен, Торонтодан кейін «Хакердің» түсірілім тобы Нью-Йоркқа аттанып, Тайм-сквер көріністерінен өзге, Ла Гвардиа әуежайы мен қала көркін түсірді. «Нью-Йоркте камераға түсірудің өз ережелері бар, - деп жалғады Санжар Сұлтанов. – Егер штативтен түсіретін болсаң, онда арнайы рұқсат қағазын алу керексің. Біз қолмен түсірдік, сондықтан, полиция қызметкерлері келіп, не болып жатқанын сұрағанда, артық сұрақтар мен мәселеден аулақ болу үшін студенттік фильм түсіріп жатырмыз дедік. Полиция мүшелері күліп, сәттілік тілеп кетіп жатты».
Нью-Йорктен кейінгі бекет Дубай болуы керек болған, алайда шешуші сәтте «Хакердің» түсірілім тобы Гонконгқа аттануға мәжбүр болған. Араб әмірлігінің билігі өмірде болған оқиға желісімен түсірілетін фильмнің сценариімен танысып шыққан соң, бұл Дубайдың имиджіне кері әсер етуі мүмкін деп шешкен. Нәтижесінде, балама нұсқа ретінде Гонконг таңдалып алынды. Осыған байланысты түсірілім тобы тағы қиындықтарға ұрынды, қысқа мерзімде түсірілім жұмыстарына дайындықты бастау қажет болған. «Көптеген рұқсат қағаздар алу керек болдық, - деп еске алады Санжар Сұлтанов. – Бірақ бұл соған лайық болды. Гонконг техникалық жағынан керемет дамыған, біз онда тамаша орындарда, пейзаждарда түсіре алдық – бұл тура Манхэттен сияқты, тек 3-4 есе үлкен».
Бангкокта өтіп жатқан көтеріліс те түсірілім жұмыстарына біраз кедергі келтірген. Алайда, тай көтерілісі айтарлықтай үрейлі емес болып шықты. Керісінше, Бангкокта өткен кезең ең тынышы, әрі ең жайлысы болған. Дәл сонда түсірілім тобы хакер Алекс Данилюктің рөлін сомдаған актер Каллан Маколиффтің туған күнін атап өткен. «Бангкокта бәрі тамаша ұйымдастырылған болды, - деп еске алады Санжар Сұлтанов. – Бізге арнайы полиция қызметкерін бөлді, ол бізге көп көмектесті. Бірақ ең қызығы, Бангкванг түрмесінің (танымал «Бангкок Хилтон») айналысында түсіріп қана қоймай, ішінде де түсіруге мүмкіндік берді! Мұндайды күтпеген едік».
Түсірілім кезеңіндегі тағы бір қиындық тілдік барьер болды: басында Ақан Сатаев басқалармен Санжар Сұлтанов арқылы сөйлесуге мәжбүр болды, бірақ нәтижесінде, түсірілім соңына таман режиссердің ағылшын тілі де жақсарып, ал америкалықтар мен канадалықтар біраз орысша сөздерді де үйреніп алды. Ал Сатаев тіпті бір эпизодта – Гонконгта гауһар тас сатып алушы болып ойнады.
Енді тек Торонтода бір-екі көрініс және Алматыда бір көріністі түсіріп, картинаны Лос-Анджелеске монтаждауға жөнелтеді. «Хакер» авторлары дайын фильмді қыркүйек айында болатын Торонто кинофестивалінде көрсетуді жоспарлап отыр, ал фильмнің жарыққа шығуы қараша айының басына жоспарланып отыр.
Сурет: kino-pravda.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina