Күні кеше Болашақ қауымдастығы көрермендерін тағы бір мәрте қуантты. Бұл жолы оқушылар мен студенттерге арнап "007: Спектр" фильмінің қазақ тіліндегі жабық көрсетілімін өткізді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Джеймс Бонд туралы 24-фильмге қаржы салған инвесторлар оған 300 миллион көлемінде ақша жұмсаған екен. Кей деректерде 350 миллион деп келтірілген. Бұл — қымбаттылығы жағынан бірінші орынды алатын «Кариб теңізінің қарақшылары: Құпия жағалау» блокбастерінен кейінгі орынды иеленетін фильм. Әдетте қаржы көп жұмсалған фильмнен адамның ұшқыр қиялына оңайлықпен келмейтін ерекше трюктер мен спецэффектілер күтіледі. Олар болды ма, болмады ма екені сізге беймәлім болса, кезекті материалымызды оқыңыз. Ол туралы фильмнің қазақша нұсқасын тамашалап қайтқан тілшілеріміз баяндап берсін.
Азамат деген атқа лайық ер жігіттің бойында өжеттілік, күш-қайрат, батылдық сынды қасиеттері мен жанында жүрегін жаулаған нақсүйері болады. Ол жақындары үшін күйіп-пісіп, оларды оқыс оқиғалардан құтқарып жүреді. Иә, иә, бұл қасиеттер әйгілі кейіпкеріміз Джеймс Бондқа да тән. Қайтыс болған М атты кейіпкердің нұсқауымен Джеймс Бонд Мексикада жаппай теракт ұйымдастырушы қылмыскерлерді құрықтамақ болады. Олардың соңынан еремін деп құпия «Спектр» ұйымы бар екенін біледі. Мұнымен қатар, бұл ұйымға өзі көптен бері білетін әрі оны қайтыс болып кетті деп ойлап жүрген танысының басшылық ететіндігін анықтайды. Анықтап жүріп нақсүйерін жолықтырады. Екеуі түрлі қиындыққа тап болып, соңында жеңіске жетеді. Ең бастысы, адамзатқа тиіттей де болса пайдасы тиеді.
Жата-жастана кино көріп, оның түсірілім кезіндегі олқылықтарын кәсіби деңгейде байқайтын жан болмасақ та, көңілімізден шыққан немесе керісінше қанағаттандырмаған жерлері болғаны анық.
Жаман айтпай жақсы жоқ демекші, алдымен, көзімізге оттай басылған қателіктерінен бастайық. Мұны Бонд мырза айыпқа бұйыра қоймас. Картинаның басында Бонд мырза үйдің төбесіндегі парапетпен құдды жер басып келе жатқандай жүріп келеді. Осы сәтте оның өзіне барынша сенімді, мақсатына жетпей тынбайтынын байқауға болады. Бірақ парапеттің жалпақтығы картинаның сәнін қашырып, көңілімізді қалдырады. Ешнәрсеге икемі жоқ жігіттің өзі сан биіктікте орналасқан парапеттің үстіне шығып, серуен құра алады емес пе? Оның жалпақтығын кішірейтсе, Бондқа жарасар ма еді? Кім білсін?! Ал Бондтың нақсүйерлері туралы не айтамыз? Фильм Моника Белуччидің арқасында таныла түскендей. Оны жігіт қауымы жақсы көреді және Бондтың жанында оңайлықпен табылғанына қызғанышпен қарайтын да шығар. Бір қызығы Бондтың наусүйерінің жасы өзінен әлдеқайда үлкен. Ал екінші нақсүйері Леа Сейдудың образы жарқын деп айта алмаймыз. Ол өзі психолог бола тұра, адамдардың жанына терең үңілуді білмейді, оқыс оқиға бола қалса, бірден дүрбелеңге салынады.
Ал енді жақсы тұстарына тоқталайық. Өзге фильмдерге қатты ұқсайды десек жаңылмаймыз. Өйткені қазіргі фильмдер реализмге жақын, көрерменнің білімі артып, көп нәрсеге алдана бермейтіннін сезеді. Сюжеттің дұрыс өрбіп, шындыққа жанасқанын қалайды. Сол секілді бұл фильмде де режиссерлер басты кейіпкерді мінсіз етіп көрсетуге тырыспаған. Бонд құпия агент болса да, оның да кемшіліктері бар. Мысалы, Дейв Баутист сомдаған кейіпкерден аямай таяқ жейді. Егер керісінше болса, көңілімізді қалдырған болар еді. Осы тұсы әбден мойындауға тұрарлық.
Заманауи техниканы өте ұтымды пайдаланған және көлікпен орындалатын түрлі трюктерді де тамаша орындаған.
Фильмнен шыққын соң «Бұл картина көрерменге не берді, оны қандай ойға баулыды?» деп көп ойландым. Моральдық тұрғыдан алғанда, берері мол секілді. Әрі мұндай экшн жанрына азын-аулақ жақын, заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы түсірілген фильмді жастар қуана көретіні анық. Картина досқа адал болуды, кейде оны құтқару үшін ойға сыймайтын әрекеттерге баруға болатындығын, махаббат атты сезімнің мәңгілік екенін, қыз қауымына өзіне сенімді жігіттердің көбірек ұнайтынын көрсетті.
Ал аударма мәселесіне келсек, жоғары баға беруге болады. Көрермендер фильмді көріп отырып, алғаш «Қайда барасың?» деген сөзді естіген кезде, ду күлді. Бұл бізде ана тілімізге аударылған фильмдерді аз көретіндігін байқатты. Қуанышымызға орай, әлемдік деңгейдегі фильмдер дайын, орыс тілінде сатылып алынып көрсетіліп жатқан жоқ. Қажырлы еңбектің арқасында аударма жасалып, ұсынылуда.
Ағылшын агенті Джеймс Бонд туралы фильмнің 24-ші сериясы — 2011 жылдан бері қазақ тіліне дубляждалған 12-ші кинокартина әрі 2015 жылдың 3-ші кинопремьерасы. Сэм Мендес екінші рет режиссер болып отыр. Бондтың рөлінде осымен төртінші мәрте Дэниел Крэйг ойнайды. Қазақша нұсқасында оның даусын актер Ержан Жарылқасынов салды. Сонымен қатар дубляжға Азамат Қанапия (Франц), Күнсұлу Шаяхметова (Люсия Скьяра), Самат Қордабаев (Танер) қатысты. Дубляж режиссері осыған дейін "Малефисента", "Человек-паук" және "Золушка" сияқты голливудтық картиналармен жұмыс істеген.
Мұның барлығы тек менің ойым, менің жеке пікірім. Оның нақ бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар.