Ағымдағы жылдың 24 тамызында телекөрермендердің назарына КТК телеарнасы тағы бір су жаңа бағдарламасын ұсынбақ, деп хабарлайды жоба жетекшісі «ADAM MEDIA GROUP» компаниясының баспасөз-қызметі. Аталмыш компанияның айтуынша, бұл жобаның өзіндік ерекшелігі де жоқ емес: «Абадан. Жібек жолында» атты жаңа ойын-сауықтық, танымдық бағдарламаны Туризм Индустриясы Комитеті Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің тапсырмасымен жарыққа шығарғалы жатыр.
Жоба мақсаты – Ұлы Жібек жолы бойымен жаңаша жүріп өтіп, еліміздің тарихи, табиғи көрнекті жерлерін насихаттау, Қазақстанның ішкі туризмінің дамуына үлес қосу. Аталмыш жобаға еліміздің спорт, өнер, саясат саласының майталмандары, БАҚ өкілдері мен олимпиада чемпиондары қатыса алады.
Байқаудың шарты
Әр бағдарламада екі қатысушыдан құралған екі топ бір-бірімен өзара тартысқа түседі. Күрделі де, қызықты сындардан мүдірмей өткен топ қана жеңімпаз атанбақ. Танымал жандардың ептілігі мен төзімділігі, ой өрісі мен түйсігі барынша сыналатын емтихан деуге болады.
Айта кетерлік жәйт, жобаға кіретін жарыстардың барлығы да табиғат аясында, ең көркем, ең қызықты, ең пайдалы демалыс орындарында өтеді.
Қазақ халқының дархан мінезіне сай табиғаты да ерекше сұлулыққа тұнып тұр. Біз әлі еліміздің көрнекі орындарының көбін біле бермейміз. Кең байтақ даламыздың қиыр-қиыр жерлерін осы бағдарлама арқылы білуге зор мүмкіндік туып тұр. Қазақстанның ғажайыптарын өз көздеріңізбен көріп, жан-тәнімен тамсанып, жаңаша қырынан танып, келесі демалысты отандық туристік бағытта өткізуді жоспарлайтын боласыз.
Орысша және қазақ тілінде экранға жол тартатын бағдарламасын КТК телеарнасынан еліміздің әр өңірінен телекөрермендер тамашалайтын болады. 24 тамыздан бастап көрсетілетін жобаның отыз-отыз бес минуттық бағдарламалар саны алтау.
Аталмыш бағдарламаны КТК телеарнасы жаңалықтар бөлімінің дикторы Ерланби Дәулетяр жүргізетін болады.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: «ADAM MEDIA GROUP» компаниясының мұрағатынан