Бүгінде көрерменді таңғалдыру мүмкін емес. Сол себепті әдепкі скримерлерден шаршаған халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін қорқынышты фильм режиссерлері түрлі тәсілдер қолданады. Бір-біріне қатты ұқсайсайтын фильмдердің арасында бірден көзге, сюжеті мен берер ойы арқылы ерекшеленетін XXI ғасырдың хоррор бағытындағы фильмдер топтамасын назарыңызға ұсынамыз.
"Ормандағы лашық"/ "Хижина в лесу" (2011)
Фильм әдепкі қорқынышты фильмдер секілді басталады. Қала өмірінен шаршаған бір топ жасөспірім орманға демалу үшін жолға шығады. Нәтижесінде қарақшымен, кісі өлтіргішпен, не тылсым күшке ие жыртқышпен шайқасуға тура келеді. Бұл фильмнің де олардан айтарлық айырмашылығы жоқ деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ оның тапқырлыққа ие деконстукциясы картинаны басқаларадан ерекшелеп тұр. Біріншіден, фильмнен скример жанрына деген иронияны байқауға болады. Екіншіден, фильм сюжеті тосын жайттарға толы. Сондықтан, қорқынышты жанрды жақсы көретіндер үшін қарауға ұсынамыз.
"Менің орнымда болып көр" / "Побудь в моей шкуре" (2013)
Джонатан Глейзердің туындысы жат ғаламшарлықтар жайлы тек фантастикалық фильмдер ғана емес, терең мағыналы философиялық фильмдер түсіруге болатындығын дәлелдегендей. Мишель Фабердің романы бойынша түсірілген фильмде оқиға бірқалыпты әрі баяу өрбиді. Ал диалогтар болса жоқтың қасы. Дегенмен, жұмбақ атмосфера, тылсым күш және түнерген табиғат адамды еріксіз баулап алып қана қоймай, шынымын "оның орнына өзіңізді қоюға" мәжбүрлейді.
"Бабадук" (2014)
Фильм құбыжықтың атауымен аталғанымен, мүлдем басқа мәселені қозғайды. Дженнифер Кенттің "Бабадук" фильмі жақын адамды жоғалтудың қаншалықты үлкен қиындық екенін тылсым хоррор арқылы көрсетеді. Скример екінші қатарға ілігіп, бірінші орынға кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі шығады.
"Мыстан" / "Ведьма" (2015)
"Мыстан" хоррор фильмі 2015 жылы әлемге екі жаңа талантты танытты. Бірі фильм режиссері Роберт Эггерс болса, екіншісі актриса – Ани Тейлор-Джой ("Сплит") болатын. Фильмде бір сағаттан астам уақыт ішінде аса қорқынышты ешнәрсе болмаған секілді. Бірақ, XVII ғасырдағы Жаңа Англияның үрейлі атмосферасы мен ойнақы сюжет сізге экраннан алыстауға мүмкіндік бермейді.
"Аулақ" / "Прочь" (2017)
Джордан Пилдің сатира элементі кездесетін хоррор өршіп тұрған расизм тақырыбымен тікелей байланысты. Өзінің ақ нәсілді қызының ата-анасымен танысуға қала сыртындағы үйіне барған қара нәсілді жігіттің басынан кешкен оқиғасы арқылы автор бүгінде батыс мәдениетінде орын алып жатқан нәсілдік бөліну мәселесін көтереді. Тапқырлыққа толы диалог пен "дөрекі" әзілдер арқылы хоррор жанрын тудырады. "Аулақ" фильмі кино саласындағы ең сапалы жасалған жанрлық тәжірибе ретінде бағаланады.