Пенелопа Крус Донателла Версаченің рөлін сомдауға дайындалып жатыр. Ал, осыған дейін қай актрисалар сән саңлақтарын сомдап үлгерді екен?
«Америкалық қылмыстық оқиғалар» сериалының келесі маусымының сюжеті даңқты дизайнер Джанни Версаче өлімінің негізінде жазылған. Барша сәнсүйер қауым дизайнердің жалғыз мұрагері, туған қарындасы Донателланың рөлін кім сомдайтынын болжаумен болды. Бұл рөл осы уақытқа дейін Донателланың жақын құрбысы Леди Гагаға бұйырады деп келген. Алайда, Педро Альмодавардың сүйікті актрисасы және Вуди Алленнің музасы Пенелопа Крус оның алдын орап кетті.
Кинематографта дизайнер өмірі мен еңбек жолы туралы фильм түсірген кезде, олардың рөлдерін өздері ойнап шығуға құмартып тұратыны рас. Осыған дейін де солай болған. Мысалы, 1994 жылғы «Жоғарғы сән» фильмінде Соня Рикель, Джанфранко Ферре, Жан-Поль Готье мен Иссей Мияке өздерін ойнауды өзгеге сеніп тапсыра қоймаған еді. Осы себепті, дизайнерлерде камео, яғни, эпизодтық рөлдер жетерлік. Ал, биографиялық картинаға келген кезде оларды нағыз маман актерлер сомдауға тура келеді.
Сонымен, кеттік.
Одри Тоту
Одри Коко ханымның бар жаһан танитын мадемуазель Шанель атану жолын, яғни, қарапайым қыздан даңқты дизайнерге айналған шағын сомдады. «Коко Шанельге дейін» фильмінде Одри Тоту ерлер қатарлы атқа шауып, әйелдерге теңдік сыйындай болған жаңа үлгідегі киімдер тігіп, қоғам қаймағындағы ханымдардың ескілікке құмарлығын сынап-мінеуі арқылы, Кокоға тән сүйкімді тентектікті әдемі жеткізе білуі арқылы көпшілік көңілінен шыққан болатын.
Анна Муглалис
Одри Тоту кино тарихында Мадемуазель Шанельді сомдаған жалғаз актриса емес. Анна Муглалис те өзін сән диктаторы сезініп көрген. Дегенмен, Аннаға атақты француз бикеш өмірінің мүлдем басқа кезеңін ойнау бұйырған болатын. Анна басты рөлді сомдаған фильм сюжеті бойынша Коко әлдеқашан атақты дизайнерге айналып, оның ең атақты Chanel №5 әтірі шыққалы жатқан кезеңмен байланысты. Бұл фильмде Коко өзгеден пана іздемей, өзі жас таланттарға тірек болатын деңгейге жеткен шағы еді.
Леа Сейду
«Ив Сен-Лоран: Стиль деген мен» фильмінде барша көрермен назары Гаспар Ульельге ауары анық. Алайда, Леа Сейду туралы айтпай кетуге де болмайды. Бұл фильмде актриса Лулу де ля Фалез рөлін сомдады. 1960-шы жылдары Yves Saint-Laurent брендінің атымен шыққан аксессуарлардың барлығы осы бикештің жұмысы болатын. Оған қоса, Леа модель еді, Ричард Аведон мен Хельмут Ньютон сынды теңдессіз фотографтармен және Оскар де ла Рентамен жұмыс жасаған. Ив ойлап тапқан Le Smoking жакетінің шығуына себеп болған муза да осы Леа болатын. Француз сән үйінен кеткен соң ол АҚШ-та өз атымен әшекей бұйымдар шығарумен айналысты.