"Sponge Bob" үйреткен 5 нәрсе

Күні кеше атақты анимациялық сериалдың негізін қалаған Стивен Хилленберг көз жұмған болатын. Ересектер үшін ақылға қонымсыз мультисериалды мән беріп қарайтын болсаңыз көп нәрсе үйренуге болады. Әр кейіпкердің мына өмірде прототипі бары анық. Ендеше, Спанч Боб не үйретті?

Спанч Боб: көтеріңкі көңіл-күй кез келген жағдайда сізді құтқарады

Мультфильмнің басты кейіпкері кейде ашуыңызға тиіп, зығарданыңызды қайнатады. Оның сәл ақымақтығы да бұған себеп. Соған қарамастан, ол әрдайым көңілді. Каншама жағымсыз оқиғаларға тап болса да, оның шешімін табады. Спанч Боб жаңашылдықты жақсы көреді. Әрдайым тың нәрсені іздеумен жүреді. Одан бөлек, ол – өте еңбекқор.

Патрик: келеңсіздіктер себепкері – ақымақтық 


Басты кейіпкердің ең жақын досы – теңіз жұлдызы Патрик. Ол еріншектігімен қоса, ақымақтығымен бірден көзге түседі. Көрермендер арасында Спанч Бобқа қарағанда, Патрикті жақсы көретіндер саны көп. Патриктің ерекшелігі әрдайым жағымсыз жайттарға тап болатындығы. Ол алдымен әрекет етеді, кейін барып ойланады. Соған қарамастан, оның мейірімділігі мен ашық-жарқын мінезі бәрібір адамға жылулық сыйлайды.

Сквидвард: ашу бақытты болуға кедергі келтіреді


Сегізаяқ Сквидвард ашулану үшін айтарлықтай себептің қажеті жоқ. Ол Крабс мырзаның мейрамханасында кассир ретінде қызмет етеді. Бастығын жек көреді, жұмысын да ұнатпайды. Спанч Боб пен Патриктің көршісі және оларды тыныш өмір сүруге мұрша бермейтіндігіне бола жиі сөгеді. Сыбызғыда ойнағысы келеді, бірақ, қолынан келмейді. Оған тағы ашуланады. Ол тек ұйықтап жатқанда ғана сабырлы. Қалған уақытта одан мазасыз кейіпкер жоқ.

Крабс мырза мен Планктон: ашкөздік дарынды адамдардың өміріне балта шабады


Бір-бірімен өштесіп жүрсе де, екі кейіпкер бір-біріне қатты ұқсайды. Крабс пен Планктон бір кездері айырылмас дос болатын, кейін ашкөздік пен қызғаныш екеуінің ортасына түсті. Бірі ақша десе ішкен асын жерге қояды, енді бірі крабсбургердің рецептін ұрлау үшін жылдар бойы жоспар құрады.

Планктон – ғалым. Бірақ, бар білімін өзгенің еңбегін ұрлауға жұмсайтындықтан, ешқандай туынды ойлап таба алмады. Ал, Крабс жақсы ұйымдастырушы болғанымен, оның ашкөздігі өзге кейіпкерлермен дұрыс қарым-қатынас жасауда кедергі келтіреді. Оның әрдайым үнемдеуге тырысатын әрекетінің барлығы сәтсіз аяқталады.

Сэнди Чикс: айырмашылық достыққа кедергі келтірмейді


Сэнди – құрлықта тіршілік ететін жануар. Тиіндер су астында демала алмайды, сондықтан ылғи скафандр киіп жүреді. Үйін де судан сақтайтын арнайы құрылғы арқылы жасаған. Ол теңіз фаунасын зерттейді, жеңіл атлетикамен айналысады, жаңа туындыларды құрастырады. Оның өзгелерден айырмашылығы Спанч Бобтың досы болуға кедергі келтірген емес.