Netflix "Қара айна" сериалын көрермендер жазған сценарий бойынша түсіреді

Netflix "Қара айна" сериалын көрермендер жазған сценарий бойынша түсіреді
Фото: flavorwire.com

Netflix стриминг-сервисі өз көрермендерімен тығыз байланыс орнатқалы жатыр. Сервистің атақты "Қара айна" сериалының сценарийіне енді көрермендер де атсалысады.

Адамзаттың технология құлына айналып бара жатқанын әртүрлі кеңістік пен уақытта көрсететін антологиялық бұл сериал көпшілік ықыласына осымен 7 жыл бөленіп келеді. "Қара айна" сериалында эпизодтар бір-бірімен байланыспаған. Сценарист Чарли Брукер мен өзге авторлар идеясына сәйкес әр серия жеке бір туынды ретінде ұсынылады. Оларға ортақ бір ғана дүние – жаңа заманның өмір салтына деген ирония. Енді бұл үрдісті көрермендер өздері жалғастырмақ. Жаңа бесінші маусым 2018 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Мұндай батыл эксперименттер бұған дейін де болған. Мысалы HBO арнасында көрсетілген "Мозайка" сериалында көрермен интерактивті түрде өзі қалаған кейіпкердің көзімен қарап, сериал сюжетін өзі құрастыра алады. Сондай-ақ «Puss in Book» мультсериалында да балалар өздері қалаған оқиғалар желісін жасаған.

Сериалдан бөлек сюжетін көрермен өзі жасайтын "The Moment" фильмі де бар. Ноттингем университетінің аспиранты Ричард Рамчурн түсірген эксперименталды фильмді нағыз интерактивті дүние деуге болады. Себебі фильм сюжетінің өрбуі көрермен әсеріне, көңіл-күйіне, эмоциясына тікелей байланысты. Ұзақтығы – бар-жоғы 27 минут, бірақ 27 минуттық оқиғаны көрермен көңіл-күйіне қарай ыңғайлау үшін 101 триллион сюжеттік желі нұсқалары жасалған. Бір көрген сюжетті көрермен екінші рет тура сол қалпында көруі екіталай, себебі адам миындағы, ағзасындағы қалыпты күй әртүрлі болады. Ал оны компьютерлік бағдарламаға жеткізетін NeuroSky MindWave құрылғысы.

Ол мидағы кез келген құбылысты, әсерді бірден танып, соған сәйкес эпизодтарды арнайы алгоритммен таңдап отырады. Мысалы көрермен бір кейіпкерден немесе оқиға орнынан жалыға бастаса, бағдарлама сюжетті шиеленістіріп, адамда эйфория тудыратын эпизодтарды көрсете бастайды. Фильмді көру кезінде оқиғалар динамикасы, музыка, кейіпкерлер, диалогтар өзгеріске ұшырағанымен, автордың шешіміне сәйкес фильмнің соңы барлығында бірдей аяқталады.

Massaget.kz