- Негізгі бет
- Кино
- "My love is...
"My love is Aisulu". Нұрлан Қоянбаевтың жаңа фильмі не жайында?
30 қаңтар күні белгілі продюсер Нұрлан Қоянбаевтың кезекті туындысы "My love is Aisulu" фильмі үлкен экранға шығады. Күні кеше жабық көрсетілімі өтіп, қалың жұртқа ұсынар алдындағы алғышарты жасалды.
Нұрлан Қоянбаевтың жаңа романтикалық комедиясы не жайында? Трейлерін көрген жандар болса, бірден түсінікті болса да керек. Бірақ трейлер фильмнің тіреуіші екенін ұмытпаған абзал. Бар қызық – жаңа туындыда!
Фильм Санжар атты өзіне сенімсіз жігіт жайында. Оқиға Алматы қаласында басталады. Санжар кезекті сценаристер байқауынан өтпей қалып, Алматыға қайтқан жолда Айсұлу есімді сұлу бойжеткенмен танысып, екеуінің арасында сезім оты тұтанады. Санжар қыздың алдында беделін көтеру үшін Америкада фильм түсіріп жатқаны жайында оқиға ойлап табады. Екі ғашық бір-бірімен үнемі телефон арқылы хабарласып тұрады. Бір күні қыз сүйіктісіне тосын сый жасаймын деп Америкаға жолға шығады. Сол кезде Санжар өтірік айтамын деп артық кетіп қалғанын түсініп, ғашығына шындықты айту үшін Америкаға ұшып барады. Бірақ Лос-Анджелеске жеткенде оның ойдан шығарған оқиғасы мүлде басқаша өрбиді.
Фильмнің басты рөлін Нұрлан Қоянбаев, Әсел Сағатова, Жақан Отарғалиев, Жанель Мақажан және Кэри-Хироюки Тагава сомдайды.
Белгілі актриса, фильмде Айсұлу рөлін сомдаушы Әсел Сағатова кинотуынды жайында: "Нұрлан маған жоба туралы ұсыныс тастаған кезде, сценарийді оқымастан келісім бердім. Бұл – Нұрлан екеуміздің алғашқы бірлескен жобамыз. Ал менің екінші перзентімді босағаннан кейінгі алғашқы рөлім. Менің кейіпкерім Айсұлу тәрбиелі отбасынан шыққан, балалар дәрігері. Балаларды қатты жақсы көреді, ал өтірікті иттің етінен жек көреді", - деді.
Бұған дейін "Бизнес по-казахски" фильмдері арқылы комедияның қыр-сырына қаныққан актер Нұрлан Қоянбаев бұл жолы көпшілік алдына нағыз ғашық, адал дос кейпінде шығады.
Фильм авторлары көрерменді әдемі әзілмен ғана емес, шынайы драмалық желімен де таңғалдырмақшы. Себебі бас кейіпкер Санжар оқиға барысында өзінің ішкі қарсылығымен күресіп, зиянсыз өтірігінің соңы үлкен арманын жүзеге асыруға көмектескенін байқамай қалады. Ол қателігін түзеу үшін АҚШ-қа барып, белгілі америкалық режиссерлермен танысып қайтады.
Фильмнің түсірілімі 2019 жылдың ақпан айында басталған. Режиссер Дархан Саркеновтың айтуынша, наурызда АҚШ-та және Қазақстанда негізгі сахналар түсіріліп үлгерген. Бір қызығы, түсірілімнің соңғы күні Лос-Анджелес қаласында өткен әйгілі "Оскар" марапаттау рәсімімен тұспа-тұс келеді. "Біз Лос-Анджелес қаласында 20 күнге жуық болдық. Қала көшелерінде, мейрамханаларда, балық қоймасында да сахналар түсірдік. Тіпті Гавани Лонг Бич мұнарасы мен Universal Studios Hollywood аймағында орналасқан америкалық продюсер Еркен Ялгашевтың жекежайынан да эпизодтар кездеседі, - дейді режиссер.
Түсірілімі бір жылға созылған фильмнің, біраз тұстары қайта жазылып, қайта түсірілген: "Бұл өз ақшасына билет сатып біздің киноны көруге келген көрерменнің алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан да сапалы өнім жасағың келеді. Өзгертулердің нәтижесінде жаңа кейіпкерлер қосылып, фильмнің сюжеті ашыла түсті. Нәтижесі өзіме ұнайды", - деді фильмнің продюсері Нұрлан Қоянбаев.
Картинаны жарыққа шығаруға бір жылдың ішінде АҚШ пен Қазақстаннан 200 адамнан тұратын түсірілім тобы қатысқан.
Солардың бірі тегі жапон, америкалық актер, "Последний император", "Мемуары гейши" фильмдері арқылы көпшілікке таныс Кэри-Хироюки Тагава фильмде өз рөлін сомдайды. Режиссер Дархан Саркеновтың айтуынша, әйгілі актердің қазақстандық фильмнің түсіріліміне қатысуы команданың жұмысына оң әсер етіп, үлкен тәжірибе болған.
"My love is Aisulu" романтикалық комедиясының кинотеатрдағы көрсетілімі осы жылдың 30 қаңтарында еліміздің барлық кинотеатрларында басталады.
Н. Үсенова