Massaget.kz режиссері Ернар Алмабек "48HFR" кинобайқауында үздіктер қатарынан көрініп, Astana Film Found продюсерлік орталығының директоры, аталған байқаудың қазылар алқасының құрамында болған Ернар Құрмашевтің арнайы сыйлығын жеңіп алды. Ернар Құрмашев жас режиссердің еңбегін жоғары бағалап, шығармашылық ұжымды жаңа жобасында бірге жұмыс істеуге шақырды.
Ернар Алмабек "48HFR" республикалық қысқаметражды кинолар байқауына "Аманат" фильмін ұсынған еді. Байқауда бақ сынаған қысқаметражды фильм екі күннің, яғни 48 сағаттың ішінде түсірілді. Байқау ережесі де – 48 сағат ішінде кино түсіріп, қазылар алқасына жолдау болды.
"48HFR" республикалық қысқаметражды кинолар байқауы 48 сағат ішінде 4 минуттық кино түсіруге негізделген. Байқау қатысушыларына "Біз жасайтын нәрселер" тақырыбы ұсынылып, фильмде "Болашақ бұлай болар деп кім ойлаған?" сөзінің айтылуы талап етілді. Фильмде терезе мен шамның көрінуі міндеттелді. 18 ақпанда жарияланған байқауға 320 фильм қатысты. Қазылар алқасы осы фильмдердің ішінен үздік деп тапқан 48 фильмді іріктеп алып, фильмдерді Алматы қаласындағы Chaplin Mega Park кинотеатрында үлкен экраннан халыққа көрсетті. Көрсетілген 48 фильмнің ішінен Иван Абрамовтың "Шум" фильмі KFC Kazakhstan тағайындаған миллион теңгені иеленсе, Алан Тәлкеновтың «Дело номер 96» картинасы Action School режиссура мен монтаж мектебінде тегін бір жыл оқу жолдамасын жеңіп алды. Алдияр Байрәкімовтың «Жидкий камень» фильмі TechnoDom ұсынған камераның иесі атанды. Қазылар алқасы байқауға қатысқан фильмдердің ішінен бірнеше картинаға арнайы сыйлық тағайындады.
Ернар Алмабектің "Аманат" қысқаметражды фильмін ұсынамыз: