Өткен жексенбіде Алматы қаласында IV Baiqonyr International Short Film Festival өз мәресіне жетті. 4-8 қыркүйек аралығында, бес күнге созылған фестивальдің көрсетілімдері Kinoplexx Sary Arka кинотеатрында өтті, және Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Алтай, Татарстан, Әзірбайжан және Беларусиядан келген режиссерлардың жұмысы кино сүйер қауымды қуантты. Фестивальді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Қоры үшінші жыл қатарынан қолдап келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Елбасы Қорының тұрақты қолдауы олардың сенімділігін арттырып, фестивальдің деңгейін жақсартуға күш береді. Сондай-ақ, төртінші Baiqonyr ISFF бағдарламасы айтарлықтай жаңарды - халықаралық деңгейге шықты. Бағдарламаның өзгеруі тұрғысында бағдарлама директоры Ержан Жұмабеков айтып берді:
«Біздің биылғы жылғы «Ұшқын» және Oberhausen International Short Film Festival сынды жергілікті және шетелдік кинофестивальдермен серіктестігіміз қатысушылардың жаңа ортамен танысып, тәжірибе алмасуына және байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Бұрын белгілі режиссерлар немесе университет түлектері түсірген фильмдерді көрсетсек, биыл студенттердің жұмысына назар аудардық. Кинофестиваль бағдарламасын құру барысында биылғы жылдың жастар жылы болып жариялануын ескердік. Сол себепті, өз саласының жас әрі мықты мамандары – оператор Азамат Дулатов пен режиссер Серік Әбішев өз тәжірибелерімен бөлісу үшін шеберлік сағаттарын өткізуге шақырылды. Сонымен қатар, екі жастың махаббатын баяндайтын «Су» фильмінің көрсетілімі болып, фестивальдің бағытын айқындап берді»
Төртінші Baiqonyr халықаралық кинофестивалінің жеңімпаздарын қазылар алқасының екі құрамы анықтады. Отандық қатысушылардың фильмдерін бағалаған халықаралық қазылар алқасының құрамы: төраға – режиссер, Oberhausen International Short Film Festival іріктеушісі Кристиана Бюхнер, «Үміт» ТМД елдері киносы форумының бағдарлама директоры Гульбара Толомушова, режиссер және сценарист Серік Апрымов, Eurasian Creative Guild Film Festival директоры Майра Қарсақбаева, III Baiqonyr SFF жеңімпазы Тимур Сердалин, продюсер Данияр Ибрагимов. Халықаралық байқауды бағалаған ұлттық қазылар алқасының құрамы: төраға – Мәскеу халықаралық кинофестивалінің «Алтын Георгий» иегері, режиссер Фархат Шарипов, продюсер Диана Ашимова және оператор Азамат Дулатов.
- «Мені кинофестивальге қазылар алқасы ретінде шақырғандарыңызға ризамын. Маған Қазақстандағы қысқаметлік киноның жағдайы қалай екендігі әрдайым қызықтыратын. Көптеген жұмыстарды көре отырып, көрермендердің қысқаметрлі киноға деген назарына, қызығушылығына таң қалдым және риза болдым. Қазақстандық жас киногерлерге бір-бірімен танысып-араласуға, фильмдерін көрсетуге мүмкіндік беретін алаң қажет. Baiqonyr кинофестивалі оларға осындай мүмкіндік береді, ол сондай алаңға айналды деп те ойлаймын» - дейді халықаралық қазылар алқасының төрағасы Кристиана Бюхнер.
Кристиана Бюхнер, көркемсуретті фильмдердің жанрының әралуандығына қарамастан, қазақстандықтарға әлі де даму керектігін атап өтті. Оның ойынша, жергілікті режиссерларға көбірек эксперимент жасап, киноның дамуынан хабардар болып, көрерменге тың, ой саларлық және сезінетін тақырыптарды көрсетуді ойлау керек.
Сонымен, хылықаралық байқау нәтижесі:
Қазылар алқасының арнайы жүлдесі – «Изгородь», Михаил Кулунаков (Алтай Республикасы); Үздік сценарий – «Видеорегистратор», Сара Кнар (Қазақстан); Үздік оператор – «Франка», Павел Скакун (Беларусь); Үздік актер – «Прощай», Саламат Нурмамбетов және Даниель Курманалиев (Қырғызстан); Үздік режиссер – «51+», Данияр Абиров (Қырғызстан); Үздік фильм – «Прощай», Караш Жанышов (Қырғызстан).«Ұшқын» халықаралық кинофестивалінің өкілдері өзінің «Үздік студенттік фильм» номинациясын Әлішер Жәдігеровтың «Қағаз тікұшақ» фильміне табыстады.
Ұлттық байқаудың жеңімпаздары:
«Бродвей» таңдауы — «Домбыра», Рамазан Халиолла; Қазылар алқасының арнайы жүлдесі – «Дипломмен ауылға», Самғар Рақым; Үздік деректі фильм – «Ханские танцы», Рабиға Орынбасарова; Үздік қоюшы-суретші – «Статус не свободен», Асель Улжебаева; Үздік актер – «Шоқ», Санжар Мустафа; Үздік актриса – «Қағаз тікұшақ», Лаура Жадигер; «Жаздың салқын түні», Анель Ислямова; Үздік оператор – «Бауыр», Айдос Сулеймен; Үздік режиссер – «Бауыр», Еламан Шаубанов; Гран-при – «Жаздың салқын түні», Әмір Әменов.IV Baiqonyr ISFF жеңімпаздарына дипломмен қатар «Алғашқы қадам» мүсіні табысталды.
- «Мен жас киногерлерге сенім мен талпыныс тілегім келеді. Өз шынайылығына және жасап жатқан жұмысына деген сенім. Егер сенімділіктің сезімі болса, сіз міндетті түрде жеңіске жетесіз», - деп сөзін қорытындылады ұлттық қазылар алқасы төрағасы Фархат Шарипов.
Кинофестивальдің бас серіктесі - Kinoplexx Theatres.