IMDb (Internet Movie Database) – әлемдегі ең атақты көрсеткіштер (рейтинг) сайты. Бұл жерден әлемдегі барлық фильмдер туралы ақпараттарды табуға болады. Бүгінде бұл сайтта 4 миллионнан астам фильм бар. Рейтинг қолданушылардың бағалауы арқылы жасалады. Алгоритм тек қолданушы бағасын ғана емес, қатысушалар санын да есептейді. Тізімге ілігу үшін 25 000-ға жуық дауыс керек. Басты ерекшелігі – бұл жерде әлемнің барлық аймағынан кез келген адам қатыса алады. Бүгін IMDb көрсеткіші бойынша әлем үздік деп таныған анимациялық фильмдер топтамасын ұсынамыз:
1. "Сенің есімің" (Твоё имя) – 2016, Жапония
IMDb көрсеткіші — 8,6/10
Анимациялық фильм басты кейіпкер Таки Татибана мен Мицуха Миямидзудың таныстығымен басталады. Бір күні олар өзгеше сезіммен оянады: маңызды заттарын жоғалтып алғандай күй кешеді және өткен күні не істегендерін естеріне түсіре алмайды. Таки Токио қаласында тұрады, Мицуха болса ауылды аймақта өмір сүреді. Олар бір-бірін білмейді, бірақ олардың жан-дүниелері бір-бірімен байланысты. Байланыстың күштілігі соншалықты, олар ылғи тәндерімен ауысып отырады.
2. "Елес ерткендер" (Унесённые призраками) – 2001, Жапония
IMDb көрсеткіші — 8,6/10
Хаяо Миядзакидің ең атақты фильмдерінің бірі Жапония анимациясының негізіне айналды. Оқиға желісі бойынша, кішкентай Тихиро ата-анасымен бірге жаңа үйге көшпекші. Бірақ жолда олар адасып, тірі жансыз ауыл-аймаққа тап болады. Кеш түскен бойда, көшеде біртүрлі тіршілік иелері пайда болады, қайтар жол жоғалады. Ал, Тихироның ата-анасы доңызға айналып кетеді. Тихиро ата-анасын қарғыстан құтқарып, үйге қайту үшін белгісіз әлемде тығырықтан шығар жол іздей бастайды.
3. "Патша Арыстан"(Король Лев) – 1994, АҚШ
IMDb көрсеткіші — 8,5/10
Бұл мультфильмнің оқиға желісін айтудың қажеті шамалы. Екі "Оскар", үш "Грэмми", үш "Алтын глобус" иегері және VHS-кассетасының сатылу бойынша әлемде көш бастаған бұл анимациялық фильмнің бағындырған белесін қайталау әлі күнге дейін мүмкін емес.
4."Жарқырауықтар қабірі"(Могила Светлячков) – 1988, Жапония
IMDb көрсеткіші — 8,5/10
Хаяо Миядзакимен бірге Studio Ghibli негізін қалаған Исао Такахатаның фильмі Сэйта есімді жасөспірімнің өмірін сипаттайды. Жасөспірім бірінші анасынан кейін, Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қарындасынан айырылады. Фильм Жапония жазушысы Акиюки Носакидің кітабы бойынша және шынайы оқиға негізінде түсірілген.
5. "Мононоке ханшайым" (Принцесса Мононоке) – 1997, Жапония
IMDb көрсеткіші — 8,4/10
Алғашқы бестікке Хаяо Миядзакидің тағы бір жұмысы кіреді. Оқиға Жапонияда алғаш рет қару пайда болған Муромоти дәуірін суреттейді. Басты кейіпкерлер – қарғысқа ұшырап, кейін өз тағынан кетуге мәжбүр болған Аситака есімді жас ханзада мен орманды жауыздықтан аман сақтауға тырысып жүрген әрі қасқырлар тәрбиелеген Сан (Моноеоке ханшайым) есімді бикеш.
6. "ВАЛЛ-И" – 2008, АҚШ
IMDb көрсеткіші — 8,4/10
Адамдар жерді қоқыспен толтырып тастап, өзге ғаламшарға жаңа мекен іздеп аттанып кеткен шақ. Тек Жерді тазалаумен айналысатын роботтар ғана қалды. ВАЛЛ-И — солардың бірі. Алайда ол тек қоқыс жинап қоймай, өзге де қызықты нәрселермен айналысады.
7. "Ойыншықтар хикаясы" (История игрушек) – 1995, АҚШ
IMDb көрсеткіші — 8,3/10
Балалар әрдайым ойыншықтардың жаны бар екенін айтады. Ал, бұл анимациялық фильм ойыншықтардың шынайы өмірін көрсетеді: олардың өзара бәсекесі, иесіне бауыр басып қалу және қорқынышы. Энди есімді кішкентай балақайдың туған күніне жақындары көптеген сыйлықтар береді, ал, ескі ойыншықтар үшін бұл күн мереке емес еді. Оларды алмастыратын жаңа ойыншық пайда болса, бастарына ауыр күн туады: сатып жібереді, өзге біреуге табыстайды, қорқыныштысы – қоқысқа тастайды.
8. "Шарықтау" (Вверх) – 2009, АҚШ
IMDb көрсеткіші — 8,3/10
Он жыл бұрын Канн кинофестивалін ашқан алғашқы мультфильмнің басты кейіпкері – Карл Фредриксен есімді қарт. Ол бала кезден Жұмақ сарқырамасын зерттеумен айналысқан Чарльз Манцтің табынушысы болатын. Бала кезінде Элли есімді көрші қызбен танысады, кейін олар есейіп отбасын құрады. Ал, Элли өмір бойы Жұмақ сарқырамасын өз көзімен көруді армандайды. Карл оның арманын орындау үшін бірнеше жыл еңбектенеді: аз уақыт қалған шақта Элли қаза табады. Сүйген жары туралы естелікке толы үйден қашқан ол ауа шарына отырып, сарқырамаға қарай бет алады.
9. "Ойыншықтар хикаясы: Қашқындар" (История игрушек: Большой побег) – 2010, АҚШ
IMDb көрсеткіші — 8,3/10
Ойыншықтардың басынан кешкендерін бейнелейтін фильмдердің жинағының үшінші бөлімі. Энди ер жетті, колледжге аттанбақ. Әрине, ойыншықтардың бәрін өзімен алып кете алмайтыны анық. Ол тек Вудиді өзімен бірге алады, қалғандарын қоймаға сақтап қоюды ойлайды. Дегенмен, оыншықтар салынған қорап, кіреберісте қалып қояды. Ослайша, олар қаймадан емес, қоқыс жәшігінен бір-ақ шығады. Енді олар қашуға жоспар дайындай бастайды.
10. Басқатырғыш (Головоломка) – 2015, АҚШ
IMDb көрсекіші — 8,2/10
Мультфильм өтпелі кезеңді басынан өткеріп жатқан жасөсіпірімдер жайында. Біздің басымызда бес эмоцияның жинағы бар: қуаныш, мұң, қорқыныш, ашу мен жиіркеніш. Олар біздің өмірімізде маңызды рөл атқарады: өзара келісіп, біздің іс-әрекетімізді басқарады. Дегенмен, өтпелі кезеңде бәрі өзгереді. Эмоциялар бақылаудан шығады.