Forbes журналы жылдағыдай Ең көп ақы төленетін актерлер рейтингін ұсынды. Тізімді Джордж Клуни бастады. Оның осы жылдағы кірісі 239 миллион долларды құраған. Бір қызығы, ол биыл ешқандай да фильм түсіріліміне қатыспаған. Былтыр осы рейтингтің алғашқы ондығына да ілікпеген екен. Бұл жолы оған бірінші болу мүмкіндігін актерге тиесілі Casamigos Tequila компаниясының 1 миллиард долларлық кірісі беріп отыр. Ақшаның қалған бөлігі Nespresso жарнамасынан түскен. Тағы бір айта кететін жайт, Клуни кірісі Ең көп ақы төленетін актрисалар тізімінің алғашқы 10 сатысында орналасқан нәзік жандылардың ақшасын қосып есептегенде де асып түседі. Екінші орынға Дуэйн Джонсон тұрақтады. Джуманджи блокбастеріндегі жұмысы актерге $124 миллион ақша алып келді. Алғашқы үштікті 81 миллион доллар табысқа қол жеткізген кіші Роберт Дауни қорытындылайды. Жалпы, ондыққа Крис Хемсворт ($ 64,5 миллион), Джеки Чан ($ 45,5 миллион), Уилл Смит ($ 42 миллион), Акшай Кумар ($ 40,5 миллион), Адам Сендлер ($ 39,5 миллион), Салман Кхан ($ 38,5 миллион) мен Крис Эванс ($ 34 миллион) іліккен. Барлығының табысын қосқанда 748,5 миллион долларды құрайды. Ал, әйелдер жалпы саны $ 186 миллион тапқан.