Биыл Канн кинофестивалі 14 - 25 мамыр аралығында өтіп жатыр. Шара алдын фесттің директоры Тьерри Фремо мен президенті Пьер Лескюр 72-ші фестивальдің бағдарламасын ұсынған сәттен-ақ негізгі фавориттер анықталған болатын. Әсіресе, америкалықтар ғана емес, бар әлем асыға күткен Квентин Тарантиноның соңғы фильмінің орны бөлек.
Картина қандай оқиғаға негізделген?
Америкалық кісі өлтіруші Чарльз Мэнсон 2017 жылы 19 қараша күні кешкі сағат 20:13-те бақилық болғаннан бері оның атағы бұрынғыдан бетер шарықтай түсті. Жас кезінде жауыздығымен бар әлемді шулатқан қылмыскер 83 жасында өмірден өткені туралы ақпарат бүкіл Жер-жаһанға тарағалы ол туралы фильмдер бірінен соң бірі түсіріліп жатыр. Талантты режиссер Квентин Тарантиноның да жаңа фильмі осы қылмыскердің қолынан қаза тапқан жас актрисаның тағдырына құрылған.
Шыны керек, Тарантиноның өзіндік стиліндегі туындыларын сағынған киносүйер қауым үшін бұл қуанышты жаңалық болды. "Күндердің бір күнінде Голливудта" аталатын фильмнің сюжеті есімі әлемге танымал маньяк Чарльз Мэнсонның 1969 жылы елді дүрліктірген қылмысы негізінде жазылған. Біз айтып отырған Мэнсон — америкалық кісі өлтіруші, музыкант, "Отбасы" қылмыстық коммунасының басшысы. 1969 жылы олар әйгілі режиссер Роман Поланскидің аяғы ауыр жұбайы, танымал актриса Шэрон Тейтті ішіндегі 8 айлық баласымен қоса қинап өлтірген.
Фильм түсіріліміне Аль Пачино, Леонардо Дикаприо, Бред Питт, Марго Робби секілді атақты актерлер қатысты. Тарантиноның жаңа фильміне Майя Хоук есімді актриса қатысатыны белгілі болды. Таңқалдырғаны, ол режиссердің музасы ретінде танылған Ума Турманның қызы екен. Онымен қоса, Лина Данэм, Остин Батлер мен Лоренца Иззо сынды таланттар да бар.
Канн кинофестивалінің қызыл кілеміне Тарантино алғаш рет жұбайымен шықты. Алғаш дейтін себебіміз, ол 55 жасында үйленді. Бұл оқиға оның шығармашылығына табынушылар үшін күтпеген жаңалық болды. Сонымен, Тарантино өз жұбайы дәрежесіне лайық деп 35 жастағы израильдік әнші әрі модель Даниэлла Пикті таңдапты. Той 28 қараша күні Лос-Анджелес қаласында өтті. Шараға жас жұбайлардың ең жақын туыстары мен достары ғана шақырылған.