АҚШ-тың Amazon компаниясы Голливудтың Metro-Goldwyn-Mayer киностудиясын 8,45 миллиард долларға сатып алуға келісті. Бұл сатып алу Amazon Prime стриминг қызметіне студияның көптеген фильміне иелік ету құқығын береді.
Amazon студиясы мен Prime Video вице-президенті Майк Хопкинс MGM кинотекасында 4000-нан астам фильм мен 17 000 телешоу бар екенін айтты.
Енді мәмілені жабу үшін биліктен рұқсат алу қажет.
MGM фильмдер мен телешоулар шығарумен айналысады. "Рокки", "Тоқтылардың үнсіздігі", "Жаңбыр адамы", "Терминатор" сияқты танымал фильмдерді осы киностудия өндірген. Студия, сонымен қатар, Danjaq LLC жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірге британ барлау тыңшысы Джеймс Бонд туралы фильмдер сериясына иелік етеді.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында компанияның кірісі 403 миллион доллар, ал таза кірісі 29 миллион доллар болған.
Айта кетейік, өткен жылы Amazon Prime жазылушылары үшін аудио және видео контент жасауға, сатып алуға немесе лицензиялауға 11 миллиард доллар жұмсаған, 2019 жылы бұл көрсеткіш 7,8 миллиард долларды құраған.
Amazon компаниясының бас директоры Джефф Безос жақында акционерлерге жолдаған хатында бүкіл әлемде Prime қолданушыларының саны 200 миллионнан асты деп хабарлады.