8 наурызға сыйлық – "Абайлаңыз, сиыр!"

8 наурызға сыйлық – "Абайлаңыз, сиыр!"

Көрермен көп күткен "Абайлаңыз, сиыр!" отандық комедиясы кеше, Алматыдағы Есентай молл ойын-сауық кешенінде бұқаралық ақпарат құралдары мен арнайы қонақтарға алдын ала көрсетілді.

Көрсетілімде Сәкен Майғазиев, Айгүл Иманбаева, "KeshYOU" тобы, "ВИА Асыл" тобы және тағы басқа отандық өнер жұлдыздары бой көрсетті. 

"Абайлаңыз, сиыр!" фильмін "Shine production" продюсерлік орталығы түсірген. Бюджеті 500 мың долларды құрайтын фильм режиссері – Асқар Ұзабаев, продюсері – Баян Есентаева.

"Абайлаңыз, сиыр!" отандық комедиясы көрерменді 90 жылдарға апарады. Жоғары оқу орындарының бірінде оқитын Айгүл есімді қызды Баян Есентаеваның өзі сомдаған. Айгүл – сырт келбеті шамадан тыс толық келген, ешкімге арамдық ойламайтын, жүрегі нәзік қыз. Өзі топтасы Мәрленге ғашық. Бірақ тағы бір топтасы Айгерім Айгүлдің Мәрленге жазған ғашықтық хатын тауып алып, бүкіл топтың көзінше хатты дауыстап оқып, Айгүлді мазақ қылады.

Айгүлдің шамадан тыс толықтығы оған "Сиыр" деген ат береді. Топтастары оны "Сиыр" деп шақырып, Айгүлмен "Сиыр" деп қана сөйлеседі.

Бірақ "Сиырдың" ерік-жігері осал болмай шығады. "Бәріңе көрсетем!" деп кіжініп, толық, ұсқынсыз қыздан сұлу, сәтті бикешке айналады. 

Фильм арқалаған тағы бір жүк – әйел құқығын қорғау. "Әйелді бастан" деген қазақтың таным-түсінігін түбегейлі өзгертпесе де, нәзік жандыға лайықты құрмет көрсетіп, оған құлындай қарамауға шақыру. 

Айгүлдің жиналыстан "арқаланып" келген әйелінің күйеуіне айтқан мына бір сөзі залға сыймаған көрерменнің ду күлкісін туғызды:

"– Сен маған неге гүл алмайсың, а?

– Сен маған гүл ал деп айттың ба? Огородта толып тұр ғой!"

Айтпақшы, ауыздан-ауызға тарап, анекдотқа айналған "Патамушта, патамушта" да өз орнымен ұтымды айтылды...

Мұндай тапқыр тұстардың боямасыз берілуі көңілді көншітеді. Бір қарағанда жеңіл, күлкілі комедия болғанымен, астарына үңілген жанның қабырғаны қақсататын проблемаларды көретіні анық. Әкімнің парақорлығы, ауылдағы қаржының тапшылығы, сәні кетіп, қираған үйлер... "Баяғы жартас – бір жартас" демекші, бұл тұрғыда өткен ғасырдан бері өзгермей тұрған кейбір қираған ауылдарға ауылдан шықпаған Баян ханым ел назарын аударғысы келген сияқты.  

Дегенмен, сюжетте түсініспеушілік тудырған оқиғалар да жоқ емес. Фильм жазда түсірілсе де, Жаңа жылда есімізге түсетін әсемделген шырша романтикалық атмосфера беру үшін қойылған деп түсінейік. Ал қазақтың көз алдына ибалы келін ретінде келетін Айгүл Иманбаеваның Айгерімді сомдау барысында Мәрленге ерсіленіп, сұқ саусағын шошайтып кете баруы, аяулы келіннің бейнесін быт-шыт қылды. Басқа, басқа, қазаққа қадірлі ұғым – "келін" бейнесіндегі Иманбаева ибадан аттамауы керек еді деп ойладық. 

Бірақ бұл кемшіліктерді актерлердің шеберлігі толығымен жуып-шайды. Сізге бұдан да зорғысын айтайық, фильмде жасанды ойнап, жиіркеніш тудырған бірде-бір актер жоқ! Бұл тұрғыда фильмді көші түзеліп келе жатқан қазақ киносындағы жаңалық десек, жарасатындай. Әсіресе, Мәрлен рөлін алып шыққан Азамат Сатыбалдының актерлік шеберлігін айтпай кетуге болмас. 

Фильм туралы продюсер Баян Есентаеваның өзі былай дейді:

"Басты кейіпкер Айгүлдің мақсаты – депутат мәртебесі емес, түптің түбінде адам боп қалу. Маған көбі "Фильм неге бұлай аталады?" деп риза болмай, ренжіп жатады. Мен адамға қуат беретін не нәрсе екенін көрсеткім келді. Көп жағдайда адамның махаббаты ызадан туады. Әкесі әлпештеп, анасы алақанына салған қызды топтағы сері жігіт ұнатпайды. Бірақ ол "Мен шын мәнінде ондай емес, басқамын" деп, сері жігітке "Міне, мен осындаймын! Менің мұнай компаниям бар" деп айту үшін, өзін дәлелдеу үшін өмір бойы күреседі. Бірақ жан дүниесі жалғыз, жараланғыш, дәл сол Айгүл болып қала берді. 20 жылдың жүзінде осы бір ашу-ызасы оған қанат беріп, ақырында өзге адамға айналдырса да, соңында бұның бәрінің бос далбаса екенін, Мәрлен оның адамы емес екенін түсінеді".  

Сөз соңында "Абайлаңыз, сиыр!" алда келе жатқан 8 наурызға таптырмас сыйлық болады демекпіз.

Фильм Қазақстанның барлық кинотеатрынан бүгін, яғни, 6 наурыздан бастап көрсетіледі. 

Автор: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: Мейіргүл Оңғарова

Р. Роза