Биылғы Канн кинофестивалінің ұйымдастырушылары әділқазылар алқасын әйел адам басқаратынын хабарлаған болатын. Кинематография әлеміндегі ең беделді марапат иелерін анықтау құрметі австралиялық актриса әрі продюсер Кейт Бланшеттке бұйырды. 71 жыл тарихы бар елеулі оқиғада мұндай құрметке осыған дейін тек 11 әйел ғана ие болған екен. Олардың қатарында Жанна Моро, Изабель Юппер, Лив Ульманн және Оливия де Хэвилленд есімді актрисалар, режиссер Джейн Кэмпион мен жазушы Франсуаза Саган болған. Мен бірнеше жыл бойы Канн кинофестиваліне актриса, продюсер, осы нарықтың өкілі, кейде жай ғана көрермен ретінде түрлі амплуада келіп жүрдім. Бірақ, ешқашан осындай құрметке ие боларымды білмедім, деді Бланшетт. Фестиваль ұйымдастырушылары Кейтпен қоса жюри құрамына кірген 5 әйел адам мен 4 ер адамның есімін жариялады. Олар: қытайлық актер Чан Чэнь (Кісі өлтіруші), америкалық режиссер Ава Дюверней (Сельма, Уақыт бунақтары), француз режиссері Робер Гедигян (Килиманджаро қары), бурундилік әнші әрі композитор Хаджа Нин, француз актрисасы Леа Сейду (Лобстер), америкалық актриса Кристен Стюарт (Жеке сатып алушы), канадалық режиссер Дени Вильнев (Жүзбен жүгіруші 2049) және ресейлік режиссер Андрей Звягинцев (Нелюбовь). Естеріңізге сала кетейік, былтырғы 70 жыл мерейтойлық Канн кинофестивалінде әділқазылар алқасын испаниялық режиссер Педро Альмодовар басқарған болатын. Биыл 71-Канн кинофестивалі 8-19 мамыр аралығында өтеді.