- Негізгі бет
- Кино
- Дәрежан Өмірбаев фильмдерінің...
Дәрежан Өмірбаев фильмдерінің ретроспективасы өтеді
Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасы мен "Көзімнің қарасы" мәдени-танымдық клубы бірлесіп кинотанушы, кинорежиссер, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесi, Қазақстан Республикасының «Құрмет» және Француз Республикасының «Әдебиет және өнер» ордендерінiң кавалері, Платиналы «Тарлан» Тәуелсiз сыйлығының лауреаты Дәрежан Өмірбаевтың 60 жас мерейтойына орай фильмдерінің ретроспективасын өткізеді.
Шараның ашылуы 24 қаңтар, сағат 15:00 де Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кинозалында басталып, бағдарлама 8 аптаға жалғасады. Өмірбаев фильмдері хроникалық ретпен көрсетіліп, әр көрсетілімнен кейін арнайы қонақтардың қатысуымен талқылау өтеді.
Бағдарлама:
24.01.2018, 15:00, Кинозал, "Шілде" /1988ж, 25 мин/
31.01.2018, 15:00, Кинозал "Қайрат" /1991ж, 65 мин/
07.02.2018, 15:00, Кинозал, "Кардиограмма" /1995ж, 75 мин/
14.02.2018, 15:00, Кинозал, "Киллер" /1998ж, 80 мин/
21.02.2018, 15:00, Кинозал, "Жол" /2001ж, 90 мин/
28.02.2018, 15:00, Кинозал, "Шұға" /2007ж, 90 мин/
06.03.2018, 15:00, Кинозал, "Студент" /2012ж, 90 мин/
14.03.2018, 15:00, Кинозал, Кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев шығармашылығына арналған дөңгелек үстел.
Өмiрбаев Дәрежан Қаражанұлы 1958 жылдың 15 наурызында Жамбыл облысы Талас ауданының Ойық ауылында дүниеге келдi. Кинотанушы. Кинорежиссер. Қазақстан кинематографистер одағының мүшесi (1992). Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының доцентi. Қазақстан Республикасының «Құрмет» (2003) және Француз республикасының «Әдебиет және өнер» (2004) ордендерінiң кавалері. Платиналы «Тарлан» Тәуелсiз сыйлығының лауреаты (2001). Еңбек жолын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында режиссердің ассистенті қызметінен бастап, сценарий бөлімінің редакторы, «Жаңа фильм» журналының редакторы, Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері ретінде жұмыс атқарған. 2004-2006 жылдары «Киноман» журналының бас редакторы қызметін атқарды. Дәрежан Өмірбаев 2001 жылдан бастап Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясында «Кинотану», «Көркем фильм режиссурасы» мамандандырулары бойынша бірнеше курс қабылдап, шәкірттер дайындаумен айналысып келеді, сонымен қатар Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігінің көркемдік жетекшісі болып табылады. 2014 жылы Д.Өмірбаев кино мамандығын таңдаған студенттерге арнап 15 бөлімнен тұратын оқу фильмдерін құрастырды. Дәрежан Өмірбаев қазақ кинематографиясының дамуына, ұлттық кино өнеріміздің әлемдік деңгейде танылуына зор үлес қосып келеді.
Фильмографиясы мен жүлделері: «Өмір» (1982, 3мин) «Шілде» (1988,25 мин), «Қазақфильм». «Қайрат» (1991, 65 мин), «Қазақфильм». «Күміс леопард» жүлдесі, ФИПРЕССИ бас жүлдесі, Локарно ХКФ, Швейцария, 1992; «Үздік бейнелік шешім үшін» - жүлде, Ашхабад ХКФ, Түркменстан, 1992 ж; Гран-при, Эльзас провинциясы журналистерінің жүлдесі, Страсбург ХКФ, Франция, 1993; Күміс жүлде – ХКФ, Нант, Франция. «Контролер мамандығы» (1993, 20 мин), деректі, «Қазақфильм» «Кардиограмма» (1995, 75 мин), «Қазақфильм». ЮНЕСКО жүлдесі – Венеция ХКФ, Италия, 1995; Қазылар жүлдесі – «Үш құрлық» ХКФ, Нант, Франция, 1995; Бас жүлде және Азия құрлығының үздік актрисасына жүлде – Сингапур ХКФ, 1996; Қызылар алқасының арнайы жүлдесі – Гавай ХКФ, АҚШ, 1996. «Киллер» (1998, 80 мин.), «Қазақфильм». «Ерекше көзқарас» бағдарламасында арнайы жүлде – Канн ХКФ, Франция, 1998; «Үздік сценарий үшін» - Тегеран ХКФ, Иран; Жалпы шығармашылығы үшін қазылар жүлдесі – Нант ХКФ, Франция. «Жол» (2001, 90 мин.), «Қазақфильм», Арткам (Франция), Қадам (Қазақстан), NHK (Жапония) бірлескен өндірісі. «Махаббат туралы» (2006, 50мин.), Jeonju International Film Festival (Оңтүстік Корея). А.П. Чеховтың «Махаббат туралы» әңгімесінің желісі бойынша. «Шұға» (2007, 90мин.), «Қазақфильм», «Қадам» (Қазақстан), Арткам (Франция). Л.Н. Толстойдың «Анна Каренина» романының желісі бойынша. «Еуразия» ХКФ – қазылар жүлдесі, ХКФ Нант (Франция) қазылардың арнайы жүлдесі. «Студент» (2011, 90 мин.), «Қазақфильм», «Қадам» (Қазақстан). Ф.М.Достоевскийдың «Қылмыс пен жаза» романының желісі бойынша. «Ерекше көзқарас» бағдарламасына қатысты Канн ХКФ, Франция, (2012). ХКФ, мастер-класс: 1996 – Торонто қаласындағы (Канада) ХКФ-де Д. Өмірбаев фильмдерінің рестроспективасы өтті. 1998 – «Жаңа көзқарас» («Смотри по новому») студенттік кинофестивалі қазылар алқасының төрағасы болды. 2005 – Исфахан (Иран) қаласындағы ХКФ қазылар алқасының мүшесі. 2005 – кинорежиссер Д. Өмірбаевтың авторлық фото туындыларының көрмесі Алматының «Ұлар» галереясында және Тараз қаласының көркем галереясында өтті. 2006 – Пусан қаласынында (Оңтүстік Корея) АFA (Азия фильм академиясы) режиссурадан дәріс оқыды. 2008 – OFIK (Корея фильм институты) студенттеріне мастер-класс өткізді. 2007 – Дамаск (Сирия) қаласындағы ХКФ қазылар алқасының мүшесі. 2008 – Сеул (Оңтүстік Корея) қаласындағы цифрлы фильмдер фестивалі қазылар алқасының төрағасы болды. 2008 – Рабат қаласындағы (Марокко) ХКФ-де Д. Өмірбаев фильмдерінің рестроспективасы өтті. 2010 – Алматы қаласындағы «Еуразия» ХКФ қазылар алқасының мүшесі. 2012 – Канн ХКФ, Франция, «Ерекше көзқарас» бағдарламасының қатысушы. 2013 – Москва ХКФ қазылар алқасының мүшесі. 2014 – Минск «Листопад» ХКФ, қазылар алқасының төрағасы 2015 – Бішкек ХКФ «Қырғыстан кысқаметражды фильмдер елі», қазылар алқасының төрағасы. 2015 – Мехико, Мексика, FIKUKANХКФ ретроспектива, мастер-класс 2016 – Лугано, Швейцария, фотокөрме, мастер-класс 2017 – Тегеран, Фаджр ХКФ қазылар алқасының мүшесі.
А. Оралқызы