- Негізгі бет
- Кино
- Отандық "Анаға апарар...
Отандық "Анаға апарар жол" туындысы "Орталық Азияның үздік фильмі" атанды
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ пен «Новый мир» ЖШС-нің қатысуымен түсірілген «Анаға апарар жол» фильмі Бішкекте өткен «Ақ Ілбіріс» атты VI ұлттық киножүлдесінде "Орталық Азияның үздік фильмі" атанды.
Бас продюсер Әлия Назарбаева мен режиссер Ақан Сатаевтың бірлесіп шығарған «Анаға апарар жол» атты туындысы «Орталық Азияның үздік фильмі», «Орталық Азияның үздік актері» (актер Әділ Ахметов үміткер), «Орталық Азияның үздік актрисасы» (актриса Алтынай Нөгербек үміткер) номинациялары бойынша бақ сынады. Сондай-ақ, осы жүлделерге Өзбекстан мен Тәжікстанның картиналары да ұсынылған болатын.
Ұлттық жүлдені режиссер Ақан Сатаевқа қырғыздың кинорежиссері, Қырғызстан Республикасының халық артисі, аталған премияның құрылтайшыларының бірі Артықбай Сүйіндіков және Лос-Анжелестегі азиялық кинофестивальдің үйлестірушісі Әсел Шерниязова табыстады.
- Түсіру тобын осы жеңіспен құттықтаймын. «Анаға апарар жол» - Орталық Азияның үздік фильмі, - деп жазды режиссер Ақан Сатаев өзінің Instagram парақшасында.
Фильм өмірдің ауыртпалығына төтеп берген, қиын қыстау күндері сұрапыл соғыстың мехнатын көрген басты кейіпкердің тағдырын баяндайды. Бұл кинотуынды ананың перзентіне деген шексіз махаббаты туралы, перзентінің Отанына деген адалдығы жайлы. Аталған кинотуынды 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде және «Еуразиялық көпір» атты фестивальде Бас жүлдені иеленсе, актриса Алтынай Нөгербек «Үздік әйел адам рөлі» номинациясында жеңіске жетті. Одан бөлек, бұл туынды биыл Қазақстан киносыншылар ассоциациясы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» жүлдесінде үш бірдей жүлдені иемденді. Атап айтсақ, «Ең үздік актриса» болып Алтынай Нөгербек және «Екінші пландағы үздік актриса» болып Аружан Жазылбекова танылды. Ал «Фильмге жазылған үздік музыка» номинациясын фильмнің композиторлары Әлім Заиров пен Роман Вишневский еншіледі.
2012 жылы Қырғызстанның танымал кинематографистері ұйымдастырған «Ақ Ілбіріс» атты тұңғыш ұлттық киножүлдесі – өткен жылдың үздік фильмдерін анықтайтын елеулі іс-шара. Киножүлде Қырғызстанның кинематографистер одағы, «Айтыш» қоғамдық ұйымы және Қырғызстан Республикасының кино дамыту қоры қолдауымен өтеді. «Орталық Азияның үздік фильмі» номинациясы 2010 жылы алғаш табысталған екен.
«Анаға апарар жол»
Фильм туралы: Фильмнің желісі қазақ халқының ХХ ғасырда бастан кешкен күрделі тарихи кезеңдерден құрылған, атап айтсақ, күштеп жүргізілген ұжымдастыру науқаны, ұлттың басына түскен ұлы трагедия – жұт (ашаршылық), Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі бейнетті жылдар. Фильм өмірдің ауыртпашылығына төтеп берген, қиын қыстау күндері сұрапыл соғыстың мехнатын көрген, жат елде тұтқында болған Ілияс есімді жігіттің тағдырын баяндайды. Бөтен жерде айдауда жүрсе де, жат елдің зорлық-зомбылығын көріп, қиянатын кешсе де, жалғыздықтың тауқыметін тартса да, бас қаһарман атажұртын аңсап, анасын сағынып, туған жеріне оралатынына ешқашан күмәнданбайды.
Өндіруші: Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, «Новый мир» Продакшн» ЖШС қатысуымен.
Жанры: тарихи драма
Режиссері: Ақан Сатаев
Сценарий авторы: Тимур Жақсылықов
Қоюшы операторы: Хасан Қыдырәлиев
Қоюшы суретші: Назира Байбекова, Лариса Решетова
Рөлдерде: Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Алтынай Нөгербек, Азамат Сатыбалды және т.б.
Анықтама: Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ – Көркем, деректі, анимациялық кино өндірісі мен өндірістен кейінгі кезеңде тұрған өнімдермен (оның ішінде монтаждау, дыбыстау, т.б.) айналысатын Қазақстандағы негізгі кинокомпания. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының тарихы 1934 жылдан бастау алады, дәл осы жылы Алматы кинохроника студиясы құрылды, ал 1941 жылы Алматы көркем фильмдер студиясы деп өзгертіліп, киностудияның өндірістік негізі барынша нығая түсті. 1941 жылы 15 қарашада Алматы киностудиясы Қазақстанға эвакуацияланған «Мосфильм және «Ленфильм» киностудияларымен бірлесіп, Бірлескен Орталық киностудия болып қайта құрылып, Алматыда 1944 жылғы дейін жұмыс істеді. Соғыс жылдары кезеңінде отандық көркем фильмдердің 80 пайызын аталған Орталық киностудия шығарды. 1960 жылы «Қазақфильм» атауына ие болды. 1984 жылы киностудияға ұлттық кинематогрфияның көрнекті қайраткері Шәкен Аймановтың есімі берілді.
А. Оралқызы