2019 жылдан асыға күтетін 3 фильм

2018 жыл кино өнерінде аса құнды туындылар мен шедеврлерді жарыққа шығарған зейнетті жыл болды. Әсіресе, қазақстандық кинематография саласы мамандары бағындырған шыңдар мен жетістіктер туралы хабар бірінен соңы бірі келіп жатты. Енді жаңа жылдың келуімен оларды кинотеатрлардан тамашалау мүмкіндігі пайда болады. Туындылар асыға күткен үмітімізді ақтайды деп сенеміз. 

"Айка"
Режиссер: Сергей Дворцевой

Режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильмі "Оскар" сыйлығына үміткерлер тізіміне еніп, "Үздік шетелдік фильм" номинациясының шорт-листіне ілікті.

"Оскар" киножүлдесінің "Үздік шетелдік фильм" номинациясына 87 елдің киносы ұсынылған.Жүлдеден үміттілердің қатарына кіретін бес картинаның аты 22 қаңтарда белгілі болады. Ал жүлде 24 ақпанда 91-ші рет өтетін Оскардың  салтанатты кешінде табысталады. Айта кетейік, биыл мамырда қазақстандық әртіс Самал Еслямова "Айка" фильміндегі рөлі үшін 71-ші Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған еді. 

Кинотуынды Қырғызстаннан келген жас қыздың оқиғасын баяндайды. Ол Мәскеуге заңсыз келіп, жұмыс істеп жүреді. Бір күндері ол жүкті болып, баланы перзентханаға тастап кетеді. Алайда уақыт өте келе ана сезімі оянып, Айка өз тастанды баласын іздей бастайды.

"Ван Гог. Мәңгіліктің босағасында"
Режиссер: Джулиан Шнабель   

Ашығын айтқанда, кейде осы Ван Гогқа деген толассыз коммерциялық махаббаттан жалығып үлгергеніміз анық. Бірақ бұл сөзді Шнабельдің картинасына қатысты қолдану әлі ерте. Көрмеген дүниені сынау дұрыс болмас.

Соңғы бірнеше жылда Ван Гогтың танымалдығы айтарлықтай өсті, оның картиналары киімнен бастап, үй жиһазына дейінгі дүниенің бәріне басып шығарылды.

Шнабель де көпшілік секілді суретшіге деген сезімімен бөліседі. Аталған туынды басты кейіпкерге деген махаббатқа толы драма болып шыққан. Ван Гогтың рөлін сомдаған Виллем Дафо Венеция кинофестивалінде үздік ер адам рөлін сомдағаны үшін арнайы кубок алды.

"Ерте, ерте, ертеде Голливудта"
Режиссер: Квентин Тарантино   

Квентин Тарантино араға 10 жылға жуық уақыт салып жаңа "Ерте, ерте, ертеде Голливудта"  аталатын туындысының түсірілімін бастағаны туралы барша БАҚ жарыса жазған еді. Кейін сол картинаның түсіріліміне Леонардо ДиКаприоның шақырылғаны да белгілі болған. Түсірілім алдында Аль Пачиноның да бар екені анықталды. 

Кинодағы постмодернизмнің көрнекті өкілдерінің бірі Тарантиноның көпшілік асыға күткен фильміне Paramount, Sony және Warner Bros сынды алпауыт киностудиялар таласқан еді. Картина сюжеті есімі әлемге танымал маньяк Чарльз Мэнсонның 1969 жылы елді дүрліктірген қылмысы негізінде жазылған. Біз айтып отырған Мэнсон — америкалық кісі өлтіруші, музыкант, "Отбасы" қылмыстық коммунасының басшысы. 1969 жылы олар әйгілі режиссер Роман Поланскидің аяғы ауыр жұбайы, танымал актриса Шэрон Тейтті ішіндегі 8 айлық баласымен қоса қинап өлтірген. Бізге мәлім ақпараттар бойынша, Тарантино сценарийді түсірілім басталардан 5 ай бұрын жазып бітірген. Оған қажет $ 100 миллион қаржыны жоғарыда аталған киностудияның бірі берген.