«+100500» десеңіз, достарыңыз улап-шулап Максим деген орыс жігіті туралы әңгімені «жібереді» дейсің. Максим Голополосов туралы кеңірек ақпарат берейік.
1989 жылы Мәскеуде туған. Тоғыз сыныпты сәтті аяқтаған соң, аспазшы оқуына түскен. Бір жыл жұмыс жасаған соң ғана ЖОО-на түскен. «+100500» ғаламтор-жобасының авторы және жүргізушісі. Өз сөзіне қарағанда, жоба американ шоумені Рэй Уильям Джонсон бағдарламасының орыс тіліндегі нұсқасы болған. Бұдан басқа, Макс әуесқой«2ND Season» атты тобының мүшесі болып шықты. Кейінірек белгілі болғандай кейіпкеріміз шет тілі пәнінің мұғалімі екен.
Оның бірінші видеотаспасы YouTube бетінде 2010 жылы 28 тамызда пайда болған. Жоба апта сайын жаңарып тұрады. Сюжеттің негізгі бөлігін YouTube-тегі видеоларды көрсетіп, оған ұтымды әзілдермен пікір айту құрайды. Макстың лексиконында дисфемизм сөздер көп. Соған қарамастан, оның табынушылары ғаламтордың ішін шарлап жүріп тауып көреді. Тағы бір белгі – фон суреттегі қабылан түстес кілемше. Иә, есіңізге енді түскен шығар? Қазірге дейін белсенді болып келген Макстың 80-нен астам бейнеролигі бар. Ал көрушілердің жалпы саны – 520 000 000-ға жеткен!
Бұдан басқа, 2011 жылдың қазан айынан бастап, оның бағдарламасы «Перец» арнасынан жарты сағаттық уақыт бойы шығады.
Ал Қазақстанда жақында ғана шыққан «Wi-Fi-25»-тің форматы да дәл осындай. Десек те, Макстың бір өзі жасаған дүниені еліміздің жобасында 4 адам атқарады. Әр елде де мұндай форматтың барын ескерсек, жастардың денін жаңалыққа салу үшін керек те шығар дейсің.
Түйін: Бағдарлама жасаудың түрлі формасы бар. Мұның қыр-сырын әбден білген адамға жоба түрінде ұсыну тапқырлық әрі ұтымды болғанын жасырмаймыз. Әзілдің астарында зіл жататынын білсек, қазіргі қоғамды сөзге тоқтау мәнеріне үйрете алармыз, бәлкім. Әйтсе де, он күнәнің тоғызы тілден екенін естен шығармағанымыз абзал...
Дайындаған: Ардақ ҚҰЛТАЙ
Сурет: wikireality.ru