Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты мақаласында гуманитарлық ғылымдардың келешек ұрпақ үшін берері мол бағыт екенін атап өткен болатын. Сол саланы тереңнен ұғу мақсатында әлемдегі таңдамалы кітаптарды қазақ тіліне аударып, оны оқырманға ұсыну мәселесі қарастырылып, "Жаңа гуманитарлық бағыт. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы жүзеге асқан еді. Бүгін аударылған кітаптар арасынан кино саласы бойынша топтама ұсынамыз.
Кино теориясы. Эйзенштейннен Тарковскийге дейін
Авторы: Фрейлих Семен Израилевич
Түпнұсқа тілі: орыс
Басылым жылы: 2015
Алғашқы басылымы: 1992
Фрейлих Семен Израилевич — Кеңес және ресейлік кинотанушы және сценарий жазушы. Ол "Кино теориясы" кітабында киноны ХХ ғасырдың өнері ретінде танытады. Оның адамның өміріндегі маңызы мен тәрбиедегі рөлін сөз етеді. Автор классикалық фильмдерден бастап, бүгінгі киноға дейін мысалдар келтіреді. Назарға кино мен теледидардың ұқсастығы мен байланысы алынып, "маңызды" және "жарамсыз" жанрлармен таныстырады. Киноның бүгінгі стилінің қалыптасуы, оның театр, әдебиет және музыкадан айырмашылығы аталады.
Кино теориясы: Сезім тұрғысынан кіріспе
Авторлары: Томас Эльзессер, Мальте Хагенер
Түпнұсқа тілі: ағылшын
Басылым жылы: 2015
Алғашқы басылымы: 2009
Медиасәулетші атағын иемденген Томас Эльзессер мен Мальте Хагенер фильмдердің сезімдермен қалай ойнайтынын кітапта керемет сипаттаған. Авторлар киноны қабылдау сезімі мен денені жауабы арасындағы қарым-қатынасы арқылы баяндайды. Киноматографиялық тәжірибені зерттеу мен оның сандық ғасырдағы атқарар рөлі де ашық айтылады. Кітапты кино саласына қызығатын жандарға және осы сала бойынша білім алып жатқан студенттер мен оқытушыларға ұсынамыз.
Кино өнеріне кіріспе
Авторлары: Дэвид Бордуэлл, Кристин Томпсон, Джефф Смит
Түпнұсқа тілі: ағылшын
Басылым жылы: 2016
Алғашқы басылымы: 1979
Америкалық кинотанушы Дэвид Бордуэлл, өмірін кино саласына арнаған теоретик Кристин Томпсон және белгілі карикатурашы Джефф Смит ұсынған "Кино өнеріне кіріспе" кітабы алты бөлімнен тұрады. Авторлар кино терминіне түсініктеме беріп қана қоймай, кино саласының қалай жұмыс істейтіні, өндіріс пен технологияларды ашып көрсетеді. Киноның жанрлары да жан-жақты талқыланады. Саланың ішкі ережелерін түсіндіру арқылы болашақ киносыншыға нұсқаулық береді.
Киносценарий. Сценарий жазу негіздері
Авторы: Сид Филд
Түпнұсқа тілі: ағылшын
Басылым жылы: 2007
Алғашқы басылымы: 1979
20th Century Fox, Disney Studios, Universal Pictures және TriStar Pictures атты белгілі киностудияларда сценарий жазушы ретінде қызмет атқарып, сценарий бағытындағы орнын ешкім баса алмайтынын дәлелдеген Сид Филдтің бұл кітабы жас мамандар үшін таптырмас оқулық болары сөзсіз. Өйткені автор идеядан бастап, оны өрбіту арқылы қалай толыққанды сценарий жазып шығуға болады деген сауалға жауап береді. Сонымен қатар бұл саланы меңгеру үшін туа бітті таланттың қажеті жоқ екеніне, ол кез келген адамның қолынан келетініне сендіреді.
Кино 1: Бейне - қозғалыс
Авторы: Жиль Делёз
Түпнұсқа тілі: француз
Басылым жылы:1983
Алғашқы басылымы: 1983
Атақты француз философы Жиль Делёздің екі бөлімнен тұратын шығармасының алғашқысы "Кино 1: Бейне - қозғалыс" деп аталады. Бұл кітапта автор киноны техникалық тұрғыдан емес, философиялық тұрғыдан сынға алады. Ондағы бейнерлер, олардың іс-әрекеті көрермен санасына қалай әсер ететінін көрсетеді. Автордың пайымдауы бойынша, кино ұлы философиялық шығарма.
Кино 2: Бейне - уақыт
Авторы: Жиль Делёз
Тілі: француз
Басылым жылы: 1983
Алғашқы басылымы: 1983
Жиль Делёз "Кино 2: Бейне - уақыт" атты екінші кітабында кино туындысын уақытпен байланыстырады. Оның адам санасындағы уақыт деген ұғымнан ерекшеленетінін атай отырып, болмыс қалыптастыруға әсеріне тұжырым жасайды.
"Жаңа гуманитарлық бағыт. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы аясында қазақ тілінде жарық көрген бұл кітаптарды "Қазақстанның ашық университеті" – openU.kz платформасынан онлайн оқуға болады.
Бүгінге ұсынылған топтама осындай. Ал Сіз кино саласы туралы тағы қандай кітаптарды қазақ тілінде оқығыңыз келеді?