Стивен Кингтің туындыларын сүйіп оқитындар үшін биылғы күз жақсы жаңалықтан басталды. 5 қыркүйекте "Ол 2" (Оно 2) хорроры жарыққа шықты. Режиссер Андрес Мускеттидің бұл туындысын хоррор деп айту өте қиын. Өйткені, қорқыныш сезімін мүлде тудырмайды. Соған қарамастан, фильмде маңызды элементтер, романдағы маңызды оқиғалар мен сюжеттің өзара үйлесімділігі бар.
Нағыз жауыз
Ережеге сәйкес, хоррор және триллерде жауыз, қорқынышты кейіпкердің артында автордың ниетін жеткізуші антагонист образы жасырулы болады. "Ол 2" фильміндегі басты жауыз кейіпкер екінші қатарға жылжиды да, фильмдегі нағыз антагонист балалардың психологиялық жарақаты болмақ. "Аутсайдерлер клубының" мүшелеріне бұл сезім жауыз сайқымазақ Пеннивайз бейнесінде көрінеді.
Балалардың психологиялық жарақатының ауқымы үлкен, онымен бірге маңызды әлеуметтік сұрақтар да туындайды. Егер алғашқы бөлімді басты кейіпкерлер өздерінің қиындықтарымен қалай күрескенін көрсетсе, екінші бөлімде оның олардың тағдырына қалай әсер еткеніне куә боламыз.
Кейіпкерлер
Билл Денбро (Джеймс МакЭвой/ Джейден Мартелл) әлі күнге дейін інісі Джорджидің (Джексон Роберт Скотт) өліміне өзін кінәлі санайды. Фильм аяқталғанша басты кейіпкер болған оқиға үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға тырысады. Өміріндегі сәтсіздіктер оның жағдайын қиындата түседі. Билл өткенді жібере алмайды не оны қабылдап, інісімен болған оқиғаға нүкте қоюға шамасы жетпейді.
Беверли Марш (Джессика Честейн/ София Лиллис) бала кезінде әкесінен қорлық көреді. Бой жетсе де бұл әлсіздікпен күресуге қауқарсыз. Беверли енді әкесінің емес, қызғаншақ күйеуінің ит тірлігі мен таяғына шыдауға мәжбүр.
Бен Хэнскомтың (Джей Райан/ Джереми Рэй Тейлор) басқалардан әлдеқайда өзгергенін байқауға болады. Ол биіктерді бағындырады, бай болады. Бірақ, бала кезінде сағын сындырған оқиғалар болашақта оның өзіне сенімсіз болуына, жалғыздық пен әлсіздікпен күресуіне алып келеді.
Ричи Тозиер (Билл Хейдер/ Финн Вулфхард) гомофобтар қоғамында ер жеткен ол өзінің сезімін білдіруге қауқарсыз болады.
Майк Хэнлон (Айзая Мустафа/ Чоузен Джейкобс) расистер қоғамында ер жетеді. Оған қоса, оның өткен өмірімен байланысты өсектер тарап, оны аймақта есінен адасқандар қатарына жатқызады. Нәтижесінде ол Дерри қалышығына "байлап" қояды.
Стэнли Урис (Энди Бин/ Уайатт Олефф) қатал тәртіп пен қатал әкенің таяғын жеп өскен бала жасқаншақ әрі өзіне сенімсіз боп өседі. Ол тек паззл жинаумен уақытын өткізеді. Ал, Дерриден жеткен нашар жаңалыққа тек өзін-өзі өлімге қию арқылы жауап қатады.
Эдди Каспбрак (Джеймс Рэнсон/ Джек Дилан Грейзер) бала кезінде анасының айтқанынан шықпайтын ол ер жеткенде оның "көшірмесіне" үйленеді. Оның жары сыртқы бейнесімен де, мінезімен де анасына қатты ұқсайды. Тіпті, ол бірде әйелін "анашым" деп атайды.
Фильмнің басты жауызы – балалық шақтағы психикалық зақым физикалық тұрғындан өзін көрсетеді. Дерриге қайта оралған Билли қайта тұтыға бастайды, Бен ұялшақ бола түседі.
Экранизацияланбаған оқиғалар
Стивен Кингтің туындысындағы көп оқиғаларға кино адаптация жасалса да, кейбір сәттер сол күйі парақта қалды.
Мысалы, кітапта Биллдің әйелі Одра жарымен бірге Дерриге аттанады. Оны тылсым қалада Беверлидің күйеуі Том ұрлап кетеді. Билл Одраны құтқарып, Пеннивайзды жеңген соң бірге велосипедпен серуендейді. Ал, Том болса Пеннивайздың шынайы түрін көрген соң, жүрегі жарылып қаза табады. Ал фильмде Том мен Одра кездесетін тек кішкентай көріністерді байқауға болады.
Роман желісі бойынша Майк соңғы шайқасқа қатыспайды. Ал Андрес Мускеттидің фильмінде алғашқы шайқастан соң, Майк өзінің жоспарын айтады. Кітапта Майкті Генри Бауэрс жарақаттайды. Оны ауруханаға жеткізеді.
Дегенмен, фильмде көзге түскен, бірақ кітапта жоқ көріністер де бар. Айналы лабиринтте Билл кішкентай баланы құтқаруға тырысады. Джеймс МакЭвойдың айтуынша, бұл көрініс Мускеттимен кездесулердің бірінде ойға келген. Осылайша Биллдің Джорджи өліміне кінәлі еместігін көрсетуге тырысқан.
Бұл фильм әзірге рекорд орнатпаса да, көптен күткен көрермендер көңілінен шығуда. Алда, күздің көптен күткен фильмі "Джокердің" тұсаукесері болады.