- Негізгі бет
- Кино
- "Қыз Жібек"...
"Қыз Жібек" - қазақ кино өнерінің төлқұжатына айналған фильм
Пәк махаббат пен шынайы сезімнің нышаны «Қыз Жібек» жыры қазақ халқының сарқылмас қазынасы. Өшпес мұра «Қыз Жібек» жырының желісімен түсірілген Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» көркем фильмі қазақ киносының алтын қорына айналды.
1968-1970 жылдары түсірілген «Қыз Жібек» көркем фильмінің тұсауы 1970 жылы Алматы қаласындағы «Целинный» кинотеатрында кесілген болатын. Бүкілодақтық тұсау кесері 1971 жылы Мәскеу қаласында өтті.
Фильм сценарийін жазған Ғабит Мүсірепов Жібек пен Төлегеннің махабаттын ғана жазып қоймай, ел-жұртты бірлікке шақырып, қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрді көрсетуге ұмтылған. Фильм музыкасын саз сайыпқыраны Нұрғиса Тілендиев ұлттық нақышқа келтірсе, ән өлеңдерін Қадыр Мырза Әлі жазған.
Жағабайлы елінен шыққан Төлеген (Құман Тастанбеков) жар іздеп, көп қыздың арасынан Сырлыбайдың (Кененбай Қожабеков) қызы Жібекті (Меруерт Өтекешова) ұнатады. Алайда, өзара руға бөлініп, екі жақ тартыстың салдарынан Төлеген әкесі Базарбайдың (Кәукен Кенжетаев) батасынан аттап кетіп, сүйіктісі Жібектің еліне кетеді. Жібектің елінен шыққан сарбаз Бекежан (Асанәлі Әшімов) қос ғашықтың махабатын көре алмай, үш ай Сырлыбай елінде болып, өз еліне сапарға шыққан Төлегенді өлтіреді. Сүйгенінің қазасын білген Жібек Жайық өзеніне батып өледі.
Фильм 1972 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Фильм режиссері Сұлтан Қожықов, сценарий авторы Ғабит Мүсірепов, басты рөлдерді сомдаған актерлер Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.
1972 жылы Тбилиси қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальде «Үздік көркемдік шешім» номинациясы бойынша жеңімпаз аттанды.
Аталған фестивальде Гүлфайруз Ысмайылова, Кененбай Қожабеков, Сұлтан Қожықов дипломмен марапатталды.
2010 жылдың 27 желтоқсанында «Құлагер» ұлттық кинематографиялық байқауында Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков құрмет грамотасы мен «Экран шебері-2010» төс белгілері табыс етілді.
Бастысы - фильм қалың халықтың ыстық ықыласы мен үлкен марапатына ие болды.
Қызықты мәліметтер
- Фильмді түсіру жұмыстары Семей, Көкшетау, Ақтау өңірлері мен Алматы облысының сол кездегі Күрті ауданында, Жаркент маңында, Іле өзенінің жағалауында жүргізілген.
- Басты кейіпкер Жібек рөліне лайықты бойжеткенді табу мақсатында 1968 жылы 1 қаңтарда «Лениншіл жас» (қазіргі таңда «Жас Алаш») газетіне хабарландыру жарияланады.
- Төлегеннің ақсауыты мен Жібектің бүрмелі көйлегі бұл күнде «Қазақфильм» мұрағатында сақтаулы.
- Бішкек қаласының хайуанаттар бағынан киноға түсіру үшін арнайы аққулар әкелінген.
- Түрлі себептермен киноның 500 метрлік лентасы қиылған. Түпнұсқада фильм ұзақтығы 3 сағаттан асады.
- Фильмге сегіз, он, он алты қанатты жалпы саны отыздан асатын киіз үйлер арнайы тігілген.
- Фильмнің бас суретшісі Гүлфайруз Ысмайылова киноны көркем безендіру үшін мың жарымнан астам эскиз жасаған екен.
Суреттер Ғаламтор беттерінен алынды