World of Tanks бойынша Орталық Азия чемпионаты аяқталды

World of Tanks бойынша Орталық Азия чемпионаты аяқталды
Фото: Overclockers.ua

World of Tanks бойынша Орталық Азия командалары арасында BrainWarrior чемпионаты аяқталды. Турнир қыркүйек, қазан айларында взводтық күрес форматында өтті.

Турнирдің жалпы жүлде қоры – 1 миллион теңге және 250 000 Gold* (Wargaming ұсынған World of Tanks ойынының ойын ішіндегі валюта). Жарысқа қатысуға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан ойыншылары ниет білдірген. 

Екі кезеңнен тұрған чемпионатта 260 команда бақ сынады. 750-ден астам ойыншы Орталық Азияның ең мықты кибертанк командасы атағы үшін таласты. Жарыс нәтижесінде Қырғызстанның KGG командасы  World of Tanks бойынша Орталық Азия чемпионы атанды. Екінші орынды тағы бір қырғыз командасы Winged Cavalry иеленді. Үздік үштікті Қазақстанның Odium командасы түйіндеді.

World of Tanks ТМД-дағы ең ірі ойыншылар аудиториясына ие. Бүгінгі таңда Қазақстандағы World of Tanks аудиториясының саны 1,5 миллионға жетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, BrainWarrior байқауына 400-ге жуық команда қатысады.

World of Tanks — ХХ ғасырдың ортасында құрышпен қапталған машиналарға арналған командалық онлайн-ойын. Ойыншылардың иелігінде Екінші дүниежүзілік соғыстың нақты орындары негізінде жасалған 30 жауынгерлік карта және жалпы саны 600 бірліктен асатын 11 ұлттың тарихи техникасы бар.

А. Рысдәулет